Халық саны артқан сайын мектеп пен балабақшаға да сұраныс көбейіп отыр - ОҚО

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Еңбекші - Шымкент қаласы аумағындағы халқы тығыз орналасқан аудан. Жұмысы жүйелі, көрсеткіші жоғары ауданның экономикасы жылдан жылға өркендеп келеді, деп жазады shymkala.kz.
None
None

Жаңа Бас жоспарға сәйкес «Жұлдыз», «Қазығұрт», «Бадам», «Қаратөбе», «Сайрам тұрғын алаптарынан 21 елдімекен қосылып, аумағы кеңейіп келеді. Қазір халық саны 322 мыңға өсіп отыр. Халық саны артқан сайын әлеуметтік мәселелердің қордалана түсетіні сөзсіз. Біз осы бағыттағы атқарылған жұмыстардың қалай шешіліп жатқанын білу үшін аудан әкімдігіне бас сұқтық. Шымкент қаласы Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиевтің айтуынша, шаһарға қосылған барлық елдімекендерді аралап, тұрғындардың арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіпті. - Шымкент қалалық мәслихатының шешімімен қайсы елді мекеннің қай ауданға қарайтыны белгіленді. Соған орай құжаттар рәсімделуде. Елдімекендердің проблемалары Шымкентті дамытудың 2020 жылға дейінгі даму жоспарына енгізіліп отыр. Алдағы уақытта инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарға қатысты мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табады, - дейді ол.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, кез келген құжатты қайта ресімдеу заң бойынша азаматтардың есебінен жүзеге асырылады. Өйткені. бұл жұмыс әкімдіктің құзырына кірмейді. Сондықтан аудан басшылығы тиісті орталық мемлекеттік мекемелерге хат жолдапты. Нәтижесінде жылжымайтын мүлік орталығына тіркелу үшін тұрғындар техникалық төлқұжатын рәсімдеуге ақша төлемейтін болды. Қазіргі таңда тұрғындарға үй кітапшасы берілмейді. Электронды түрде тіркеледі.

Халық саны артқан сайын мектеп пен балабақшаға да сұраныс көбейіп отыр. Бұған дейін Еңбекші ауданында 27 мектеп, 3 мемлекеттік балабақша болса, қазір мектеп саны 52-ге көбейді. «Бадам-1» және «Жұлдыз» ауылдарында мектеп салу құрылысы қаралса, Сайрамда 1200 орындық мектеп бой көтерді. Ауданда мемлекеттік балабақша 26-ға артса, жекеменшік балабақша саны 30-ға жетті. Денсаулық сақтау орындары мен спорт нысандары көбейді. Елтай ауылында жаңа дәрігерлік амбулатория салынбақ. Ал Тоғыс ауылында жаңа емхана құрылысы аяқталды. Маятас ауылының маңында орналасқан Михайлов су қоймасында заманауи спорттық базаның құрылысы аяқталуға жақын. Нысан бітсе балалар байдарка және каноэ есу сынды спорт түрлерімен айналысады. Еңбекші ауданының халқы көбеюіне байланысты көшелердің саны 710-ға артқан. Осының салдарынан көше атаулары қайталанып, 68 көшенің құжаты қайта рәсімделетін болды.

Қалаға қосылған елдімекендердің коммуналдық қызмет түрін ретке келтіруде шаруа шаш-етектен. Әр ауылдың өзіне тән проблемалары бар. Бірінде ауыз су тапшы. Бірінде жол қатынасы қиын. Еңбекші ауданы әкімінің айтуынша бұл мәселенің бәрі шешіледі. Бұған дейін елдімекендер ауыз суды ескі су тартқыш мұнара арқылы тұтынған еді. Сапалы ауыз сумен қамту мақсатында Сайрам, Исфиджаб, Қызылсу ауылдарына «Евроремонт сервис» ЖШС құны 874,3 млн. теңге жобаны жүргізуде. «Бадам-2» ауылында «АША-А» ЖШС су жүйелерін жаңартуды жоспарлауда. Сонымен қатар жарық мәселесі де шешіледі. «Оңтүстік жарық Транзит» ЖШС-не қарасты елдімекеннің электр желілері қайта жаңғыртылады. Яғни Бадам-1, Айнатас, Елтай, Тоғыс және басқа ауылдарда трансформаторлы тартымдық станциялары мен электр бағаналары ауысады. Алдағы жылдары жаңа электр жүйелері мен трансформаторлық станциялар салыну жоспарлануда. Ал жаңадан қосылған Сайрам, Тоғыс, Жыланбұзған ауылдарына №136,39, жаңа бағытта қоғамдық көліктер жүргізілуде. Тарихы тереңде жатқан Сайрам тұрғын алабында кәсіпкерлік саласы жақсы дамыған. Тұрғындар екі қолға бір жұмыс тапқан. Сайрамдық шаруалар жылыжай өсіру мен тамшылатып суару әдісін қолға алып, сонымен бірге мал бордақылау ісін жандандыруда. Қайта жабдықтаудан өткізілген «Сайрам сүт» кәсіпорны 20 тоннаға дейін сүт өнімдерін өндіруде. Республика мен облыстың қазынасына қарайламай, өткен жылы өз бюджетінен үш мектеп салғанын да айта кету керек. Сайрам тұрғын алабында 12 мектеп, 8 балабақша бар. Оның аумағында Испиджаб, Қызылсу, Өтеміс, Шапырашты елдімекендері орналасқан. «Балапан» бағдарламасы бойынша 400 орындыққа арналған «Назира ана» балабақшасы үш мыңға жуық тұрғынға қалтқысыз қызмет етіп келеді. Жергілікті кәсіпкердің жеке қаражатымен бой көтерген ғимаратта балалардың терең білім алуына барлық жағдай жасалған. Заманауи үлгідегі балабақшада 275 бала тәрбиеленуде. Сондай-ақ Ю. Сареми атындағы мектеп-гимназия оқушылары облыс бойынша ҰБТ-дан жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Мектеп-гимназия директоры Курванбай Шамшиметов үш тұғырлы тіл саясатының жүзеге асып жатқанын атап өтті. Зерек оқушылардың үш тілде білім алуына ынтасы зор. Мұнда ұстаздар шәкірттердің сапалы білім алуына барлық мүмкіндікті қарастырған. Әйтсе де, қалаға қосылған сайрамдықтардың әлеуметтік мәселелері де жоқ емес. Сайрам тұрғын алабының ауыл биі Құланбай Шәмшиметов көшелерді жөндеу, абаттандыру, жарықтандыру және тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау мәселелерінің кері кеткеніне қынжылады. Мұнда әрбір екінші отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады екен. Иә, өнеркәсіп саласы өрлеп, ауыл шаруашылығы алдыңғы қатарға шыққан ауданға бұрынғыдан да ауқымды міндеттер қойылып отыр. Аудан әкіміне артылған міндет пен сенім де салмақты. Оны орындауға мүмкіндік те, мемлекет қолдауы да жетерлік. Тұрғындар аудан азаматтарының барлық саланың жұмысын жандандыратына сенімді.

Соңғы жаңалықтар