Халықаралық әйелдер күні БҚО сотының 80 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр

Облыстық соттың баспасөз қызметінен хабарлағанындай, биылғы мейрам облыстың сот жүйесі үшін тағы бір ерекше күн - Батыс Қазақстан облыстық сотының құрылғанына 80 жыл толған тарихи сәтпен орайлас келіп отыр. 10 наурызда облыстық соттың құрылғанына 80 жыл толады. 1932 жылғы 20 ақпанда Кеңестердің Қазақ Орталық Атқару Комитетінің VІІІ шақырылған ІІ сессиясы қабылдап, Бүкілодақтық Орталық Атқару Комитеті 1932 жылғы 10 наурызда бекіткен қаулысына сәйкес Қазақ КСР-інде Қазақстанның бірыңғай орталығына бағынысты 6 облыс: Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Алматы облыстары құрылды. Сөйтіп, 1932 жылы 10 наурыздан бастап Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Әділет Халық комиссариатына тікелей бағынатын Батыс Қазақстан облыстық соты да құрылды.
Салтанатты жиынды Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы Қамбар Нұрышев ашып, жиналғандарды мерекемен құттықтады.
-Әйелдер құрметке лайық нәзік жандар ғана емес, қоғамдағы айбынды әлеуметтік-саяси күш. Қоғамдық өмірдің қай саласын болмасын әйелдердің қатысуынсыз көзге елестету мүмкін емес - деп атап көрсетті төраға өз сөзінде, - Облыстың сот жүйесінде қызмет жасайтын қызметкерлердің 225-і, немесе 65 пайызы - нәзік жандар. Олардың ішінде судьялар саны - 50 адам немесе 53 пайыз, қызметкерлер - 175 немесе 70 пайызды құрайды. Әйел судьялардың алтауы немесе 12 пайызы төрайым, 44-і немесе 88 пайызы судья.
Салтанатты жиналыстан соң сот жүйесі көркемөнерпаздарының мерекелік концерті болды. Әйелдер мен қыз-келіншектерге сый-сияпаттар жасалып, гүл шоқтары ұсынылды.