Халықаралық әйелдер күніне орай түрлі мерекелік шаралар өткізілмек

«ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі республикамыздың әйелдер қауымын 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, мереке күндері Алматы және Астана қалаларының мәдениет мекемелеріне мерекелік қойылымдарды тамашалауға шақырады. Мерекелік бағдарлама әйелдер қауымының талғамына орай ең үздік туындылардан құралады», - делінген ведомство ақпаратында.
Бұл күндері опералық және драмалық театрлар, концерттік ұйымдар өз есіктерін келем деушілерге айқара ашады. Опералық театрлар көрермендерге опера және балет өнерінің ең озық үлгілерін, ал драмалық театрлар отандық және шетелдік авторлардың үздік спектакльдерін көрсетеді.
Мәселен 4 наурыз күні Күләш Байсейiтова атындағы Ұлттық опера және балет театры А.Аданның «Жизель», Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры А. Рыбниковтың «Юнона» мен «Авось» балетін қояды.
Концерттік ұйымдарда жетекші шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылардың орындауында классикалық және халықтық жанрлардың үздік шығармалары шырқалады. 5 наурызда Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы ҚР мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің концертін және 6 наурызда «Бүгін анамның мерекесі» атты концерт өткізеді.
Ал 8 наурыз күні К.Байсейітова атындағы опера және балет театрында белгілі ариялар мен балеттік нөмірлерден тұратын «Музыкалық қонақжaй» атты мерекелік концерт өтеді.