13:46, 26 Қараша 2014 | GMT +5
Халықаралық қаржы ұйымдары ҚР экономикасына 9 млрд. доллар қаржы құюға әзір - сенатор
АСТАНА. ҚазАқпарат - Әлемдік экономикалық дағдарысқа қарамастан, халықаралық қаржы институттары мен инвесторлар Қазақстанға қаражат құюға дайын.

Бұл туралы бүгін ОКҚ-да өткен брифингте ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рашит Ахметов мәлімдеді.
«Бүгін әлемдік қаржы жүйесінде туындаған қиындықтарға қарамастан халықаралық қаржы ұйымдары Қазақстанға несие ресурстарын беруге әзір. Олар отандық экономиканың 90 жобасына 9 млрд. доллар құюға дайын», - деді Рашит Ахметов.
Оның сөзіне қарағанда, бизнес үшін тиімді талаптарды көздейтін инвестиция саласындағы орынды қабылданған заңнама нормалары шетелдік инвесторлардың экономиканың басым бағыттарына қаражат бөлу мүмкіндігін арттырды.
«Бұл зор мүмкіндік. Жаңа дағдарыс кезеңінен Қазақстан сәтті өтіп қана қоймай, сонымен қатар отандық экономикада жоспарланған өсімді қамтамасыз етеді деген үміттеміз», - деп түйді сенатор.