Халықаралық қауымдастық Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруларын таратпау және халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шарасына үлес қосып отырғандығын мойындады

Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ресми өкілдің айтуынша, аталмыш құжат ядролық сынақтардың азаматтардың өмірі мен денсаулықтарына және қоршаған ортаға зияндылығын, сондай-ақ сынақты доғару ядролық қарудан ада бейбітшілікті қалыптастырудағы маңызды мәселелердің бірі екендігін ескере отырып, тамыздың 29-ын Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдар күні деп жариялайды. Армения, Беларус, Белиз, Бразилия, Буркина-Фасо, Гайана, Гамбия, Доминикан Республикасы, Қазақстан, Катар, Кения, Комор аралдары, Конго, Қырғызстан, Моңғолия, Непал, Нигер, Папуа-Жаңа Гвинея, Сальвадор, Сауд Арбиясы, Тәжікстан, Түркменстан, Филипин, Чили, Ямайка және Жапония мемлекеттері резолюцияның қосымша авторлары болды. «Пікіралмасулар барысында делегация өкілдері Халықаралық ядролық сынаққа қарсы іс-қимылдар шарасын іске асыру әлем елдерінің назарын аударып, ядролық қаруды таратпаудағы маңызды құралдардың бірі болып табылатын Ядролық сынақтарға тыйым салу жөніндегі келісімнің тезірек күшіне енуіне ықпал ететіндігін атап өтті. БҰҰ-ның Бас ассамблеясының аталмыш резолюцияны қабылдауы халықаралық қоғамдастықтың Қазақстанның халықаралық қауіпсіздік пен жаппай қырып-жою қаруын таратпау шарасына үлес қосып отырғандығын мойындағандығының белгісі» деді ресми өкіл.