Халықаралық стандарттау ұйымы - ИСО 26000 халықаралық стандартын 2010 жылы қабылдауды көздеп отыр

АНА. Қарашаның 2-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Халықаралық стандарттау ұйымы -ИСО 26000 халықаралық стандартын 2010 жылы қабылдауды көздеп отыр.
None
None

Бүгін Астанада «ИСО 26000: әлеуметтік жауапкершілік» атты халықаралық семинар жұмысы барысында Халықаралық стандарттау ұйымының (ИСО) басшысы Мартин Нойрайтер мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Халықаралық стандарттау ұйымы - ИСО 26000 стандартының жобасын жасақтау ісіне дамушы және өтпелі экономикасы бар әлемнің 91 мемлекетін тартып отыр. ИСО 26000 халықаралық стандартының негізгі ұстанымы мен анықтаушы ұсынымдарының бағыты әлеуметтік салаға жақын болмақ.   

 Жыл сайын ИСО ұйымы мен ҚР Индустрия және сауда министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитеті ИСО халықаралық стандарттары желісінде ашық форумдар ұйымдастырады. Биылғы  семинардың мақсаты  мекемелер мен өнеркәсіпте ИСО 26000 стандартын және оның әлеуметтік аспектілерін енгізу мәселелерін үйрету болып табылады.

 «ИСО жаңа жоба - ИСО 26000 халықаралық стандартын жасақтау жұмысын бастағаны белгілі. ИСО тарихында жобаларға бұрын-соңды бұндай үлкен күш тартып көрмеген еді. ИСО 26000 олардың бастаған жұмыстарының ішіндегі кесек дүние болып отыр. Оны жасақтауға 91 мемлекет атсалысуда. Тіпті ең танымал ИСО 9000 халықаралық стандартын құру жұмысына тек 34 ел қатысқан еді», дейді Халықаралық стандарттау ұйымының (ИСО) басшысы Мартин Нойрайтер.

 М. Нойрайтердің айтуынша, қоғамның әлеуметтік жауапкершіліктен жұрдай болуының арты әлемде орын алып жатқан дағдарыс салдарларына алып келді. «Яғни жауапкершілігі төмен қаржы институттарының іс-әрекетінен біз қазіргі келеңсіз жағдайға душар болдық. Болашақта осындай дағдарысты болдырмау үшін тұрақты бизнес құру қажет. Оған қоғамды тарту қажет. Ал кәсіпкерлер қоршаған ортаны, табиғатты ескеру тиіс. Мемлекет болса, кәсіп қалай құрылады, қалай жұмыс жасап жатыр деген мәселелерге қатысты шешімдерді қабылдамас бұрын кәсіпкерлік ортаның көзқарасымен санасуы қажет. Міне осындай стандартты енгізудің уақыты келді деп санаймын», деп атап көрсетті ол.  

 ИСО 26000 стандартын құру жұмыстары 2000 жылы басталған. Сол жылы стандарттың негізгі мазмұны туралы бірінші есеп жарық көрді. 2005 жылы бұл жұмыс жалғастырылып, бірнеше есеп сериялары жасақталған еді. ИСО басшысы М. Нойрайтердің атап көрсеткеніндей, ИСО 26000 келесі 2010 жылы қыркүйек айында дауыс беру арқылы қабылданады деп күтілуде.

Соңғы жаңалықтар