Халыққа мемлекеттік қызмет көрсетудің ертеңі - «Электрондық үкіметтің» аяқ алысы қалай?

Жүзбе-жүз тікелей байланысқа түспей, интернет арқылы қашықтан қызмет көрсететін электрондық үкімет жобасының халыққа қызмет көрсету саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алатын әрі қызмет көрсетуді мейлінше шапшаңдататын бірден-бір амал ретінде қабылдануы да содан. Сондықтан, өркениет көшінен қалмауға талпынған жас қазақ мемлекетінің де ақпараттық -коммуникациялық технологиялар игілігін ел пайдасына жарату үшін «Электрондық үкімет» жобасын қолға алғаны мәлім.
Үкімет жұмысындағы ашықтықты арттыру, жеке және қоғамдық маңызы бар мемлекеттік ашық ақпараттарды алуға азаматтардың құқығын жүзеге асыру, мемлекеттік органдар мен мекемелердің қызметіне қоғамдық қадағалаудың қажетті деңгейі мен азаматтық қоғам бостандығын қамтамасыз ету, сондай-ақ азаматтық қоғам институты мен демократияны қалыптастыру - «Электрондық үкімет» веб-порталын құрудағы Үкіметтің көздеген басты мақсаты. Бұл қағидаттарды жүзеге асыру бағытында ҚР Үкіметі тарапынан бірқатар маңызды шаралар жасалды. Алғашқы қадам ретінде, 1998 жылы Қазақстан Республикасында ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты бағыттары бойынша қызметтер мен ұлттық ақпараттық инфрақұрылымды құру және дамыту жөніндегі жұмыстарға координация жасайтын Комиссия құрылды.
Бұдан кейін 2000 жылы, Көлік және коммуникация министрлігінде Ақпарат және байланыс жөніндегі комитет жасақталды. Дәл осы Комитеттің келуімен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында нормативті-құқықтық база қалыптасып, Ұлттық ақпараттық инфрақұрылымның жалпы дамуы қарқынды серпін алды деуге болады. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі ілгерілету мақсатында «Ақпараттандыру жөніндегі», «Электрондық құжат және электрондық қолтаңба туралы» Заңдар өзгерістермен толықтырылып, ҚР-ның «Байланыс туралы» жаңа заманауи заңы әзірленіп, қабылданған болатын.
Соңғы бірер жылда әлемді дүрліктірген дағдарыс біраз елдің жоспарын күйретіп, біразының мақсатынан түзетулер енгізгені, содан болып, көп елдің кейбір шаруаларын кейінге ысырып қойғаны да аян. Алайда дағдарысты еңсеруге байланысты шаруасы шаш етектен екеніне қарамастан, Қазақстаның атқарушы билігі электрондық үкімет жобасын жүзеге асыру ісін кейінге қалдырған жоқ. Қайта жіті назарда ұстап, Үкімет басшысының өзі айрықша көңіл бөліп отыр. Кеше Астанада өткен «Электрондық Үкіметтің бастамалары» атты төртінші халықаралық конференцияға да тікелей өзі қатысып, біраз істің басын шолуы соның айғағы.
Осындай үнемі қаперде ұстап, тиісінше көңіл бөлудің нәтижесі болар, «Электрондық үкімет» жобасы нақты шындыққа айналып, қызмет көрсету ауқымы да біртіндеп ұлғайып келеді. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар алғашқы ақпараттық сатыдан өтіп, екінші, яғни мемлекеттік қызметшілердің жауап қайтару әрекеттерін қарастыратын, түрлі анықтамалық құжаттар беруді жүзеге асырып жатқан - интерактивтік сатыдан, транзакциялық сатыға өту кезеңінде тұрмыз.
Сөзіміз құрғақ болмас үшін, сарапшылардың пікірін де келтіруге болады. Мысалы, EPAM Systems компаниясының вице-президенті Анатолий Гавердовскийдің пікірінше, «электрондық үкімет» бүгінгі күні посткеңестік кеңістіктегі үкіметтің жалғыз бірегей ұйымы.
Ол: «Портал халыққа биліктің барлық мемлекеттік және муниципалдық органдарымен бірлесіп әрекет етуге мүмкіндік береді. Менің ойымша бұл бүгінгі күні Ресейге жетіспей отырған құрал. Жобада «бір терезе қағидаты» жүзеге асырылған. Бұған дейін қандай да бір біріктірілген анықтамаларды алу үшін түрлі мекемелердің табалдырығын тоздыруға тура келетін болса, бүгінде біз бұл жүйелердің барлығын біріктірдік. Электронды қызметтерге заңды күш беретін механизмдер әзірленіп, қызметтердің ауқымы барынша кеңейтілді. Енді Қазақстан Республикасының азаматы интернет арқылы принтерден басып шығарған кез-келген анықтаманың барлық мемлекеттік органда толық заңды күші бар», - деп отыр.
Ал үшінші саты -транзакциялық кезеңде пайдаланушының тұлғасын қуаттауды қажет ететін, электрондық портал арқылы қаржылық және заңнамалық операцияларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылған.
Сонымен, статистика көрсетіп отырғандай, 2009 жылдың қаңтарында «Электрондық үкіметке» кірушілердің саны 47 182 болса, қыркүйек айында бұл көрсеткіш 104 752-ге жеткен. Үстіміздегі жылы электрондық қызметтерді алуға порталға 8 661 қолданушы тіркелген. Бүгінде оларға қызметтердің 41 түрі көрсетіліп отыр, ал жыл соңына дейін қызметтер тізімі 54-ке дейін арттырылатын болады.
Айтқандай, Премьер-министр жоғарыдай айтылған конференция жұмысы барысында «Электронддық Үкіметтің бастамалары -2009» байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Бұл байқауда «Үздік қазақ тілді сайт - 2009» байқауы бойынша - www.Degeneken. Кz. қазақстандық каталогы жеңіс тұғырынан көрінгенін айрықша атап өткен жөн. Бұл да осы сегментте даму үрдісі жүріп жатқанын көрсететін жарқын мысал деуге әбден болады.
Байқаудың қорытындысы бойынша «Үздік электрондық мемлекеттік орган - 2009» аталымында ҚР Бас прокуратурасы жеңімпаз атанса, «Үздік электрондық әкімдік - 2009» - Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі, «Үздік электрондық қызмет - 2009» - «Эйр Астана» әуе компаниясы болды.
Атқарушы биліктің бұл аптадағы тағы бір маңызды жұмысы ретінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің Оңтүстік Қазақстан облысында Экономиканы жаңарту жөніндегі мемлекеттік комиссияның көшпелі отырысын өткізуін айтуға болар.
Онда Мемлекеттік комиссияның отырысында бірінші болып елдің жеделдетілген индустриялық-инновациялық дамуы аясында фармацевтикалық кешенді дамыту туралы мәселелер қаралды. Жалпы, фармацевтикалық саланы дамытудың стратегиялық мақсаты - отандық дәрі-дәрмек құралдарын өндірушілер есебінен 2014 жылы дәрі-дәрмекке деген ішкі қажеттілікті 50 пайызға қамтамасыз ету; республика фармацевтикалық кәсіпорындарда 2014 жылдың аяғына дейін GMP «Тиісті өндірістік практика» халықаралық стандарттарын енгізу.
Қазақстанның фармацевтикалық өнеркәсібі индустрияның дамушы саласы бола отырып, медициналық мақсаттағы бұйымдарды ұсақ өндірушілерді қоса алғанда, жалпы жиынтығы 79 кәсіпорын-өндірушіні құрайды екен. 5 ең ірі зауыттың үлесіне, ақшалай көріністе, Қазақстандағы шығарылатын барлық дәрі-дәрмектердің 90 пайыздан астамы тиесілі. Отандық кәсіпорындар - «Химфарм» АҚ, «Глобал Фарм БК», «Ромат» ФК, «Нобел АФФ», «Нұр-Май Фарм» ЖШС, Қарағанды фармацевтика зауыты - өндірістің толық циклін қамтығын кәсіпорындар болып табылады.
Он бес жыл ішінде отандық өндірушілердің рыноктағы үлесі 3 пайыздан 10 пайызға дейін өсті. 2005 жылдан 2008 жыл аралығында ішкі фармацевтикалық рыноктың өсуінің жоғары қарқыны байқалады, бұл еліміздің бүкіл экономикасының өсуіне, халықтың әл-ауқатының артуына негізделген. Ішкі рыноктағы фармацевтикалық препараттарды 2005-2008 жылдарда сату мөлшері 19 пайызды құрады.
Қазақстандағы дәрі-дәрмектердің жиынтық рыногы 6 мыңға жуық атауды құрайды. Табиғи көріністегі импорт көлеміндегі Батыс, Шығыс Еуропа елдері үлесінің ұлғаю үрдісі байқалады. Үндістан мен Қытай өндірушілері үлестерінің өсуі тоқтады, ТМД елдері үлесінің азаюы жалғасуда.
«Бас ауырып, балтыр сыздағанда» бәріміз де дәріге жүгіретініміз шындық. Ал ол дәрінің сапасы қандай? Қайда өндірілген? Бұл сұрақ жан қысқанда көпшілігімізді ойлантып жатпайтынын да мойындауымыз керек. Ал шынтуайтында, бұл сұрақтың жауабы да азық-түлік қауіпсіздігі секілді, мемлекеттік қауіпсіздіктің білдей бір саласының жүгін арқалап тұр. Сондықтан, дәрі-дәрмек мәселесінде, әрине, сенімді отандық өндірістің басым болғаны, шама жетіп жатса, осы рынокты түгел қамтығаны құба-құп. Осы тұрғыдан алғанда, аталған кеңесте фармацевтика мәселесінің талқыға шығуы да әбден орынды.
Оңтүстік Қазақстан өңірі қаймағы бұзылмаған қазақтың ырзықты ортасы екені ежелден белгілі. Оңтүстік аймақ түркі жұртына қастерлі Түркістанымен де әйгілі. Үкімет басшысы осы шырайлы оңтүстікте өткен кездесулер барысында қасиетті Түркістан қаласын дамыту мәселесіне де баса назар аударды.
Оңтүстік Қазақстан сондай-ақ республикада мақта өсіретін бірден бір облыс екені де мәлім. Бұл өңірдегі мақташылар ауа-райының қуаңшылығымен, су тапшылығымен жыл сайын кездесіп, қыспаққа ұшырап жатса да мойымай, аянбай еңбек етіп, биыл да ақ мамықты ойдағыдай жинап алған. Алайда, әлемде орын алған дағдарыс бағаның нарқын бұзып, мақташылардың еңбегін еш, тұзын сор етпесе де, өнім өткізу тұрғысынан біраз уайымға ұшыратқан еді. Соған орай, оңтүстіктегі кездесулерде мақташылар да Үкімет басшысына өз мұңдарын жеткізіп, ойда жүрген түйткілді сауалдарын қойған болатын. Соның бастылары - мақтаны тиімді бағамен мемлекеттік сатып алу. Кәрім Мәсімов мақтаны өндірушілер үшін тиімді бағамен сатып алу мәселесі оңынан шешілетіндігін атап көрсетіп, мақташылардың көңілін көтеріп тастады.