«Халықтық ІРО»-ға қатысты түсіндіру жұмыстары жеткіліксіз жүргізілуде - Үкімет басшысы

Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «2012-2014 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын талқылау барысында Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов осылай мәлім етті.
«Менің ойымша, «Халықтық ІРО-ға» қатысты жұртшылыққа түсіндіру жұмыстары әлі де жеткіліксіз. Шынымен бұл бағытта азаматтардың сауатын арттыру қазіргі таңда толық деңгейде жүргізілмей отыр. Осыған байланысты біз «Самұрық-Қазына» қорында кеңес өткізіп, мәселені талқыладық. Жақын аралықтағы он күн ішінде біз сатылы жоспарлар әзірлейтін боламыз», - деді Кәрім Мәсімов. Премьер-Министрдің айтуынша, ағымдағы жылы екі компания «Халықтық ІРО-ға» өтетіні көзделіп отыр. «Халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға қарастырылған қаражат қазір «Самұрық-Қазынаға» беріледі. Сондықтан да Үкімет Қормен бірігіп, ауқымды бағдарламаны даярлайтын болады. Оның барысында қолданыстағы кемшіліктерден бөлек, шетелде көрініс тапқан оң-теріс тәжірибелер де зерделенеді», - деді К. Мәсімов.