Халықтың бай мұрасын насихаттауда озық технологияны қолдану маңызды - А. Мырзахметов
Іргесі 1920 жылы қаланған мұражайда бүгінгі таңда 87 мыңнан астам құнды жәдігер жинақталған. Шежірелі тарихы бар өлкенің өткені мен бүгінін, халықтың ғасырлар бойғы рухани құндылықтарын дәріптеу мақсатында былтырғы жылы 282 тұрақты және жылжымалы көрмелер ұйымдастырылып, 1555 экскурсиялық қызмет көрсетілген, 258 мәдени-көпшілік шара өткізілген. Мұражай қоры 2217 жәдігермен толықтырылыпты.
Соңғы үш жылдың жүзінде «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Ордабасы, Созақ аудандары мен Түркістан қаласындағы тарихи орындарда археологиялық зерттеулер ұйымдастырылған, нәтижесінде мұражай қоры 400-ге жуық экспонаттармен толықтырылған.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Оңтүстік Қазақстан облысының тарихы тереңнен сыр шертетінін, ұлттың уызы саналған өлке екендігін айта отырып, өңірдің тарихы мен мәдениетін, дәстүрі мен тұрмысын насихаттауда үлгі болу керектігін назарға алды. «Бар құндылықтарымызды насихаттауда, өскелең ұрпақтың бойына сіңіруде бейнефильмдер түсіру, озық технологияларды қолдана отырып оқу орындарымен байланыс орнату мәселесіне көңіл бөлу керек. Бүгінгі ақпараттық технологиялар айрықша қарқын алған кезеңде халықтың бай мұрасын сақтау мен насихаттауға мол мүмкіндік ашылып отыр. Осыны біз барынша пайдалануымыз қажет», - деген аймақ басшысы мұражайдың техникалық жарақтандырылуы бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырды.