Халықтың орташа өмір ұзақтығының артуын ең негізгі жетістік деп санауға болады - Елбасы
«Тәуелсіздік алғаннан бері 1 300-ден астам денсаулық сақтау нысаны, 1700-ден астам білім беру ошағы салынды. Бұлардың барлығын ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықтадық. Аса күрделі операцияларды, емдеулерді өз елімізде өз дәрігерлеріміз жасайтын жағдайға жеткіздік. Бұл ешқашан болған емес», - деп тоқталды Президент.
Осы орайда Мемлекет басшысы жалпы халықтың тұрмысы мен денсаулығының түзелуі нәтижесінде Қазақстанда сәбилердің туу деңгейі өскенін, халқымыздың санының жыл сайын өсуі артқанын жеткізді. Денсаулық сақтау мәселесі мен халықтың өмір сүру жағдайының жақсаруы қазақстандықтардың өмірінің ұзақтығына әсер еткенін атап өтті.
«Тұңғыш рет қазақстандықтардың орташа өмір ұзақтығы 72 жастан асты. Бұл дегеніміз, ең негізгі жетістік деп санауға болады. 10 жылдың ішінде 64 жастан 72-ге дейін бүкіл халықтың орташа өмірін ұзарту ешбір елде кездескен жоқ шығар»,-деді Н. Назарбаев.
Президент мемлекет қандай жағдайларда да әлеуметтік міндеттемелерін орындап келе жатқанын, тарих түгенделіп, мәдениеттің өркендеуіне қол жеткізілгенін қадап айтты.