Хан ордасында Ұлы Отан соғысында қаза тапқандарға арналған ескерткіш ашылды
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ескерткішті аудан әкімі Рахман Карин мен майдангер Нәсіпқали Жұмағалиев ашып, соғыста қыршын кеткен боздақтардың аты-жөні жаңғыртылып отырғандығын атап өтті. Бөкей ордасы ауданынан майданға 4613 адам аттанса, соның 3028-і қайта оралмады. Мемориалдық кешеннің авторы - «Маэстро» ЖШС директоры Ольга Назарчук. Кешеннің ортасында Отан соғысы ордені бейнеленген биік стелла орнатылса, оның үш жағындағы гранит тақташаларынан 3028 боздақтың есімдерін оқуға болады. Құрылыс жұмыстарын «Батыс Жас-Ар» ЖШС (директоры Армат Жантасов) жүргізді. Орда ауылдық округінің әкімі Рүстем Зұлқашевтің сөзіне қарағанда, кешендегі тізімге кейін анықталған 65 ордалықтың есімі енбеген. Сондықтан қосымша тақталар орнату жолдары қарастырылатын болады.
Мерекелік шара барысында соғыс және тыл ардагерлеріне медальдар мен сыйлықтар табыс етілді.