Хоккейден ел біріншілігінде «Торпедо» жеңісті жолын жалғастырды

АСТАНА. KAZINFORM — Шайбалы хоккейден Қазақстан чемпионатында кезекті ойын күні мәресіне жетті.

Хоккейден ел біріншілігінде «Торпедо» жеңісті жолын жалғастырды
Фото: «Торпедо» ХК

Көш басында келе жатқан өскемендік «Торпедо» бұл жолы да сүрінген жоқ. Қатарынан тоғыз мәрте жеңіске жеткен олар кездесу барысында рудныйлық «Горнякты» 4:1 есебімен тізе бүктірді. Өскемендік команда 5 қазанда аталған қарсыласын 4:2 есебімен жеңген еді.

Тағы бір кездесуде қарағандылық «Сарыарқа» петропавлдық «Құлагерді» 6 қазанда 5:1 есебімен жеңсе, олар бір күн бұрын аталған қарсыласын 4:2 есебімен қапы қалдырған еді.
Ал астаналық «Номад» «Ақтөбені» екі ойында 5:0, 4:2 есебімен тізе бүктірді.

Айта кетсек, бұдан бұрын өскемендік «Торпедо» шайбалы хоккейден 2025 жылғы Қазақстан кубогының иегері атанды.

Финалдық ойында олар Қарағандының «Сарыарқа» командасынан 4:1 есебімен басым түсті. Нәтижесінде кубокты төбесіне көтерді.

Топтық кезеңде командалар Өскемен және Қарағанды қалаларында шеберлік байқасты. Топтық кезеңнен кейін жартылай финал ойындары жалғасты. Онда топта бірінші орын алған командалар екінші топтағы екінші орындағы ұжымдармен финал жолдамасын сарапқа салды.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Барыс» овертаймда «Сибирь» командасынан жеңіліп қалды.

Соңғы жаңалықтар