ІІМ Байқоңыр жұртшылығы арасында Протон апатына қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізеді
Бұл туралы Үкіметте Премьер-Министр Серік Ахметовтің жетекшілігімен өткен шұғыл отырыстан соң журналистерге Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлім етті.
«Біз Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесе отырып, қауіпсіздік бойынша шараларды қабылдайтын боламыз. Біріншіден, Байқоңырға басқа аудандардан келуге шектеулер қойылады. Екіншіден, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін боламыз. Атап айтқанда, жұрт үйінде болып, есік-терезелерін жабық ұстаулары, қорадан малын шығармаулары керек. Дүкендер мен басқа да қоғамдық тамақтану орындары жабық болуы қажет. Біз осы бағытта жұмыстар істеп жатырмыз», деді ІІМ.
Еске салайық, ДМ-03 үдеткіш блогы және «Глонасс-М» үш ресейлік навигациялық ғарыш аппараты бар «Протон-М» зымыран-тасығышының бүгін Астана уақыты бойынша сағат 08.38-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының №81 алаңынан жасалған ұшырылымы апатпен аяқталған болатын. ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінде растағандай, «Протон-М» зымыран-тасығышы ұшырылымнан кейін 10 секундтан соң жерге құлап, жарылды.Аталмыш ұшырылымның мақсаты - орбитадағы «ГЛОНАСС» ресейлік тобын толықтыру.