Имамдар қатаң сөгіс алды - ҚМДБ

Діни басқарма өкілдері оқиға орнында болған жағдайдың анық-қанығына көз жеткізді. Халқымызды дүрліктірген окиғадан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажұлының бұйрығымен имамдарға жіберген өрескел қателігі үшін қатаң сөгіс жариялады.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша өкіл имамы Мырзагелдиев Бейбіт Әліпбекұлына қарауындағы діни қызметкерлерге бақылауды әлсіретіп, имамдарды Бас мүфтидің бұйрығымен тағайындалған мешіттен басқа мешітке рұқсатсыз, өз бетінше ауыстырып, ақырында БАҚ бетінде діни басқарма мен дініміздің беделін түсіруге әкеп соқтырған тәртіптік теріс қылығы үшін ҚР Еңбек Кодексінің 72 бабының 1.3 тармағына сәйкес, тәртіптік жаза ретінде қатаң сөгіс жариялансың», - делінген Бас мүфтидің бұйрығында.
Сонымен қатар, Шымкент қалалық «әл-Біләл» мешітінің бас имамы Әсембай Талғат Шайділлаұлына қарауындағы діни қызметкердің 2012 жылдың 8 шілдесінен бері заңды түрде босамастан жұмыстан кетіп қалуына жол бергені үшін және Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданының бас имамы Жүмаділлаев Рахматилла Нәшірұлына карауындағы Қайнарбұлақ елді мекеніндегі «Насрулла» мешітінде имамның ұзақ мерзім бұйрықсыз қызмет етуіне жол беріп, оларға бақылауды әлсіретіп алғаны үшін қатаң сөгіс берілді.
Осындай келеңсіз жағдайлар орын алмас үшін бұдан былай өңірлердегі имам-молдалармен тығыз байланыс орнатып, олардың жұмысын жіті қадағалап отыру шарасы қолға алынды.
Алдағы уақытта имамдарды бірнеше талап бойынша (діни сауатын бағалау, діни ағымдар туралы сауатының деңгейін анықтау, діни мәселелерге тап болғанда оны шешуге қатысты қадамдарын байқау, араб тілін меңгеру деңгейі, денсаулығы мен жанұясына бақылау жүргізу, ақыл-есінің дұрыс не бұрыс екенін анықтайтын психологиялық тест жүргізу, т.б.) аттестациядан, медициналық, психологиялық тексеруден өткізу жоспарланды. Имамдарды аттестациядан өткізу шарасы Оңтүстік Қазақстан облысынан басталады. Бұған медицина, психология салаларының білікті мамандарын жұмылдырылу көзделуде.