Индустрия және сауда министрлігі Елбасы Жолдауын талқылады
Шара барысында баяндама жасаған Индустрия және сауда министрі ҚР Президентінің ағымдағы жолдауы ел алдына 2020 жылға дейін дамуының нақты тапсырмаларын қойғандығын, бұл орайда министрлікке де ауқымды жұмыстар жүктелгендігін атап өтті. «Сондықтан біз үшін маңызды заңдардың бірі «Индустриялық саясат туралы» заң қабылданбақ. Бұл заң жобасы әзірлену үстінде. Ол индустриалдық-инновациялық сектордағы бизнес бастамаларды қолдау жүйесін бекіте түседі», деді.
Осы орайда, болашақ заңның Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген мемлекеттік қолдау шараларын нықтай түсетіндігін баса айтқан министрдің сөзіне қарағанда, жаңа бағдарламаның бұрынғы бағдарламаға қарағанда ірі жобаларды, әсіресе өңірлердегі орта және шағын бизнесті жүзеге асыру барысына қажетті барлық қолдау шаралары қамтылған. «Демек, біздің басты мақсатымыз осы қолдау шаралары алушыларға ашық, объективті әрі нәтижелі жету үшін нақты тетіктерді анықтау», деді өз сөзінде Ә.Исекешов.