Индустрия және сауда министрлігі инновациялық индустрияландыруды жылдамдату үшін даму институттарын өздерінің құзырына беруді ұсынып отыр

АСТАНА. Маусымның 2-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ – Индустрия және сауда министрлігі елімізді инновациялық индустрияландыруды жылдамдату үшін бірқатар даму институттарын осы министрліктің құзырына беру жөнінде Үкіметке ұсыныс жасады.
None
None
Мұндай ұсынысты бүгін Үкімет отырысында министр Әсет Исекешев білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның айтуынша, Елбасы жүктеген елімізде инновациялық индустрияландыру міндеттерін іске асыру үшін ресурстар қажет. «Сондықтан біз даму институттары бойынша мынандай ұсыныс енгізгіміз келеді. Біріншісі, «Казнекс» экспортты ілгерілету корпорациясы, Ұлттық инновациялық қор, Инжиниринг және технологияларды трансферттеу орталығы, сондай-ақ 7 өңірлік әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар сынды 4 даму институтын Индустрия және сауда министрлігінің құзырына беруді ұсынамыз», - деді. Ә. Исекешев.Оның сөзіне қарағанда, «Казнекс» корпорациясы инновациялық индустрияландыру бағдарламасының негізгі сараптамалық орталығы болады, Ұлттық инновациялық қор мен Инжиниринг және технологияларды трансферттеу орталығы инновациялық өзгерістерді үйлестіруді және тиісті қаржылық құралдарды өз мойындарына алады. Ал Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының өңірлік операторлары болады. Яғни, бұлар іс жүзінде жергілікті жерлердегі өңірлік даму институттарына айналады. Ә. Исекешев даму институттарының екінші блогын, атап айтқанда, Даму банкі, Инвестициялық қор, Даму қоры, Мемлекеттік сақтандыру корпорациясы және «Казына капитал менеджмент» сынды қаржылық институттарды директорлар кеңесінің қатысуы арқылы Индустрия және сауда министрлігі «Самұрық Қазына» қорымен бірге үйлесімді басқаруды ұсынды. Бұдан бөлек ол директорлар кеңесін және басқарма құрамын құру үшін министрлікке қосымша өкілеттіктер беру жөнінде ұсыныс жасады. «Үйлестіру кеңесінде біз тығыз жұмыс істейтін боламыз. Дей тұрғанмен, бұл құралдардың инвестициялық саясатын анықтау үшін өкілеттілік қажет. Бұл аталмыш институттардың нақты сектордағы компаниялар мен кәсіпорындарға нақты көмектесуі үшін керек. Біз осы ұсынысты қолдауды өтінеміз», - деді Ә. Исекешев. «Үшінші блокқа экономикалық алаңда түрлі салаларда жұмыс істеп жатқан ұйымдар жатады. Бұлар - «Самұрық Қазына» қорының құрамындағы «Тау-кен Самұрық Қазына» компаниясы, Біріккен химия компаниясы, Қазақстан инжиниринг, Парасат, Зерде, ҚазАгро басқа да компаниялар. Біз олардың директорлар кеңесінің құрамына Индустрия және сауда министрлігінің өкілдерін енгізуді ұсынамыз. Бұл инновациялық индустрияландыру үдерісін үйлестіру үшін қажет», - деді Ә. Исекешев. Оның айтуынша, Индустрия және сауда министрлігі өнеркәсіптік 16 саласындағы 11 салаға жауап береді. Бұл салалардың ішінде тек машина жасау, металл өңдеу секторларында 42 сала бар. Химия саласында 11 кіші сала бар. Осыған байланысты министрлік бұлардағы штаттық сандарды ұлғайтуды ұсынып отыр. «Егер бізде белгілі бір міндеттер және жауапты мемлекеттік органдар болатын болса, онда біз Мемлекет басшысының тапсырмасын орындап, 2010 жылғы қаңтардың 1-інен бастап инновациялық индустрияландырудың 5 жылдық жоспарын жүзеге асыра бастаймыз», - деді министр. Өз кезегінде Премьер-Министр Кәрім Мәсімов бұл ақпараттар назарға алынатынын, ал қозғалған мәселелерді түбегейлі келісу үшін бір апта уақыт қажеттігін айта келе: «Үкіметтің келесі отырысында шешім қабылданатын болады», - деді.
Соңғы жаңалықтар