Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған жобалардың СҚО экономикасына үлесі 22 млрд. теңгені құрады
Бағдарлама қабылданған уақыттан бері еліміздің жалпы ішкі өнімі 20 пайызға артты. Өндірілген өнімдер экспорты тәуелсіз Қазақстан тарихында 2011 жылы алғаш рет 22 миллиард долларға артты, бұл 2009 жылғы көрсеткіштен 85 пайызға көп.
Қабылданған жобаның нәтижесі - өңір экономикасының жақсаруына да әсер етіп отыр. Айталық, Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарланғандай, СҚО-ның Индустрияландыру картасына жалпы құны 40,8 млрд.теңгені құрайтын 30 инвестициялық жоба енеді. Оның аясында құрылыс уақытында 1818, қолданысқа берілгеннен кейін 1839 жұмыс орны құрылады.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың 3 жылы ішінде экономикада оң өзгерістер байқалуда. Өңірдің ерекшелігін ескеріп, 20 жоба агроөнеркәсіптік кешенде және ауыл шаруашылығында жүзеге асырылуда. Облыс үшін машина құрастыру саласындағы - 3, құрылыс индустриясындағы - 2, тау-кен өнеркәсібіндегі 3 жоба маңызды болып табылады. Тау-кен металлургия саласының дамуына құрамында қалайы бар кендерді қайта өңдеу бойынша тау-кен металлургия комбинатын салу, «жасыл экономиканы» дамыту - жел энергетикалық құрылғыларды орнату жобалары ықпал етпек.
3,5 жыл ішінде Индустрияландыру картасы аясында аймақта жалпы құны 25,8 млрд. теңгені құрайтын 26 жоба іске қосылды. Оның ішінде 8,7 млрд.теңгені құраған 7 жоба өткен жылы қолданысқа енгізілді. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған жобалардың Солтүстік Қазақстан экономикасына үлесі 3 жыл 5 айдың ішінде 22 млрд.теңгені құрады.