01:09, 01 Тамыз 2015 | GMT +5
ИНДУСТРИЯЛАНДЫРУ: Қоңырат кен орнында катодтық мыс шығару жылына 15 мың тоннаға дейін ұлғайтылады (ФОТО)
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қарағанды облысы Балқаш қаласында «Қоңырат кен орыны үйінділерінде катодтық мыс өндіруде зауыт қуатын жылына 10 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін арттыру» жобасы жүзеге асырылмақ. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Қуаттылығы жылына 10 мың тонна катодтық мыс өндіруге шақталған «Қоңырат мыс компаниясы» ЖШС Индустрияландыру картасы бойынша 2012 жылы құрылған болатын. Жобаны жүзеге асыру барысында 7,3 млрд. теңге қаржы жұмсалды, бұның ішінде шетелдік инвестиция да бар (Ұлыбритания). Кәсіпорын ашылған сәтте 145 жұмыс орыны құрылған болатын.
«Зауыт сәтті жұмыс істеп тұр, өндірістік қуаттылығына ашылғанынан бір жыл өткен соң жетті. 2015 жылдың бірінші жартыжылдығында өндіріс жоспары 15 пайыз артық орындалды. 2015 жылдың шілде айында «Қоңырат мыс компаниясы» ЖШС өндіріс қуаттылығын 10 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін арттыру жобасын іске қосты», - делінген хабарламада.