Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығында өңдеуші сектордағы еңбек өнімділігі 60 пайызға артты - А. Құлсейітов

Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қазақстан индустриялық даму институты» АҚ Басқарма төрағасы Айдын Құлсейітов осылай мәлімдеді. Брифингте «Нұрлы Жол-болашаққа бастар жол» Жолдауы аясындағы өнеркәсіптік саясат мәселесі қозғалды.
«Елбасы Жолдауы әдеттегіден ертерек жарияланып отыр. Мұның басты себебі - Қазақстан қазірдің өзінде Елбасы Жолдауда көтерген міндеттерге кірісуі керек. Сонда ғана келер жылы айтылған шаралардың тиімділігін көретін боламыз. «Нұрлы Жол» бағдарламалық құжатында айтылған сын-қатерлерінің өзегі неде? Біз бүгін осы бағытты Елбасымен кездесуіміз барысында талқыладық. Президент қатысқан басқосуда осы күрделі кезеңде Қазақстан экономикасын қолдау жайы кеңінен айтылды. Оның барысында сарапшылар дағдарыстың әлі де өрши беретінін айтты, осының аясында индустрияландырудың бірінші бесжылдығына баға берілді», - деді А. Құлсейітов.
Оның айтуынша, Елбасының қатысуымен өткен жиында сонымен қатар, индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы бойынша алдын ала қорытындылар шығарылған. Соған сәйкес, индустрияландырудың бесжылдық кезеңінде өңдеуші сектордағы еңбек өнімділігі 60 пайызға артқан. Ал осы жылдар ішінде өңдеуші салаға тартылған тікелей шетелдік инвестициялар мөлшері барлық инвестицияның 70 пайызын құрап отыр.