Индустрияландырудың екінші кезеңінде Павлодар облысында 19 жоба жүзеге асады - Облыс әкімі

Облыс әкімінің айтуынша, өңір экономикасы көпсалалы құрылымды болып келеді. Бұл ретте құрылыс секторының өңірлік ішкі жалпы өнімдегі үлестік салмағы 4,3 пайызды, сауда мен көлік саласы 13 пайызды құраса, аграрлық секторда бүгінгі таңда жалпы ішкі өнімнің 4 пайыздық өнімі шығарылады.
«Дегенмен, облыстың экономикасында негізгі рөлді өнеркәсіп иеленіп отыр, бұл өңірлік ішкі жалпы өнімнің 40 пайызына тең. Сонымен қатар, облыста 1 мыңнан астам кәсіпорын қызмет етсе, онда облыстағы жұмыспен қамтылған жұртшылықтың 35 пайыздан астамы еңбек етіп жүр», - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, өңір басшысы соңғы жылдары Павлодар облысында бұған дейін облыста шығарылмаған тауар түрлері өндіріле бастағанын атап өтті.
«Дағдарыс құбылыстары біздің өңірге де өз әсерін тигізбей қоймады. Өткен он айдағы көрсеткіш бойынша өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,2 пайызға төмендеді. Төмендеу көрсеткіші былтырмен салыстырғанда тау-кен өндірісінде - 94,3 пайыз, өңдеуші өнеркәсіпте - 99,2 пайызды, энергетикада - 96,6 пайызды құрап отыр. Бұл ретте көмір өндіру бірінші кезекте отандық және ресейлік тұтынушылар тарапынан сұраныстың төмендеуі салдарынан 9,1 пайызға азайды, электр энергиясының ішкі тұтынымы да төмендеді», - деді Қ. Бозымбаев.
Өңір басшысының сөзіне қарағанда, дағдарыс құбылыстарын төмендету мақсатында орнықты экономикалық даму жоспары жүзеге асуда.
«Өндірістің дамуына Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші кезеңі өз септігін тигізеді деп ойлаймыз. Индустрияландыру картасы бойынша облыста 87 жоба жүзеге асып жатыр, ондағы инвестиция ауқымы 1,3 трлн. теңгені құрайды. Бұл жобалардың негізінде 10 мыңнан астам жұмыс орындары құрылмақ. Қазіргі таңда құны 242 млрд. теңгені құрайтын 47 жоба іске қосылып, 4,6 мың жұмыс орны құрылды», - деді әкім.
Оның сөзіне қарағанда, облыс экономикасында индустрияландыру бағдарламасының екінші кезеңі де үлкен рөл ойнайды. Оның аясында жалпы көлемі 1,1 трлн. теңгені құрайтын 19 жобаны жүзеге асыру көзделген. «Екінші кезең аясындағы ең ірі жобаның бірі Бозшакөл тау-кен байыту комбинатын салу болып табылады. Оның қуаттылығы бойынша жылына 140 мың тонна мыс концентратын өндіру көзделіп отыр, 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, жыл сайын 30 млн. тонна мыс кенін өңдеу көзделеді», - деді әкім.