Информатика пәнінен халықаралық олимпиадада қазақстандық оқушылар лайықты өнер көрсетті - А.Игіліков

«Біздің команда лайықты деңгейде өнер көрсетті деп санаймын. Бұл бұған дейінгі халықаралық жарыстарға қарағанда жақсы нәтиже. Алға жылжушылық бар. Оқушыларымыз үш күміс, бір қола медальға ие болды. Ал енді елдер бойынша командалық есепке келер болсақ, бұл жөнінде ресми статистика шығарылмайтынын ескертемін. Тек бейресми сиаттағы статистика шығарылады. Ол әлі дайын емес. Дегенмен, қазақстандық команда кем дегенде алғашқы жиырмалыққа ілігеді. Жалпы, бұл Олимпиадада 12 қатысушының біреуі, яғни нақты айтар болсақ, 27 оқушы алтын медальға ілігейін деп отыр. Одан екі есе көп, яғни 54 оқушы күміс медаль алады, ал 80-дей оқушы қола медальға қол жеткізеді». - деді А.Игіліков. Айта кетелік, әзірге бейресми мәліметтерге сүйенсек, елдер бойынша әзірге бірінші орында Оңтүстік Корея командасы келеді. Екінші орында - Қытай, ал Ресей командасы - үшінші орында. Қазақстан командасы бұл жолы ондыққа ілігіп, сегізінші орынға тұрақтады. Бүгін Олимпиаданың соңғы екінші туры аяқталды. Оқушылар әр турда үш тапсырмадан орындады. Әр тапсырмаға берілетін ең жоғары баға - 100 баллды құрады. Оңтүстіккореялық оқушы Джи Хак Юн жалғыз өзі 600 балл жинап, абсолютті нәтижеге қол жеткізді. Ертең ұйымдастырушы комитет Олимпиадаға қатысушыларды Алматы облысының Түрген шатқалына алып барады. Онда бірқатар мәдени шаралар өткізіледі.