Информатикадан халықаралық олимпиадаға қатысушылар Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайын аралады

Мұнда шетелдік қонақтар арнайы құрылған қазақ ауылында халқымыздың мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен, қолөнер және зергерлік бұйымдарымен танысты. Сонымен қатар оқушылар бүгін Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінде болды. «Бізге бүгін 800-ден астам қонақ келіп отыр. Мұражайымыз шағын, бары-жоғы 4 залымыз бар. Мұнша адамды музейдің ішінде қабылдау мүмкін болмағандықтан, оның алдына қолмен ұстауға болатын жәдігерлерді, петроглифтердің көшірмелерін, қазақ даласының тарихына қатысты ағылшын тілінде шыққан әдебиеттерді шығарып қойдық. Сонымен қатар шетелдік қонақтар үшін музейдің ауласына алтыбақан орнатылды және Алтын адамның бейнесімен фотоға түсуге болатын үлкен фотосурет және күйме қойылды», - деді өз сөзінде осы музейдің директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Гүлмира Мұхтарова. Айта кетелік, Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында орналасқан Есік мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайы ресми түрде 2011 жылы ашылған. Төрт залы бар. Оларда барлығы 300-ден астам жәдігер қойылған. Оның қорында бұлардан басқа 2000-нан астам музейлік мәні бар заттар жинақталған екен. Гүлмира Мұхтарованың айтуынша, 2013 жылы Алматы облыстық мәслихатының шешімімен музейдің қорғау аймағы бекітіліпті. «Кезінде Есік шаhарының айналасында 600-ден астам сақ қорғандары болған екен. Өкінішке қарай, көбісі жермен-жексен болып кеткен. Қазіргі таңда 130-ға жуығы ғана бар. Соның 83-і осы Есік қорық музейінің айналасында, яғни 270 гектар жерге орналасқан. Сонымен қатар Рахат және Өрікті көне қалашықтары да біздің қорғау аумағымызға жатады. Сонда барлығын қосқанда, Есік қорық музейінің қорғау аумағы 419 гектар жерді алып жатыр», - деп сөзін аяқтады Г.Мұхтарова. Осыдан кейін олимпиадаға қатысушылар Алматыға оралды. Ертең 1 тамыз күні әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында сағат 15:00-де информатика пәнінен осымен 27-ші рет өткізілген халықаралық олимпиаданың салтанатты түрде жабылу рәсімі өтеді. Оған ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев қатысады деп күтілуде. Дәл осы салтанатты рәсімде келесі олимпиаданың қай елде өткізілетіндігі жарияланады. Алдын ала мәліметтер бойынша ол Ресейде өтуі мүмкін.