Информатикадан Халықаралық Олимпиадаға қатысушылар қазақ халқының мәдениеті және салт-дәстүрлерімен танысты (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда информатика пәнінен өткен Халықаралық Олимпиадаға қатысушылар бүгін Алматы облысында орналасқан Түрген шатқалына саяхат жасады. Мұнда шетелдік қонақтар арнайы құрылған Қазақ ауылында халқымыздың мәдениетімен және салт-дәстүрлерімен танысты.
None
None

«Бүгін мінеки Олимпиадаға қатысушыларды қарсы алып жатырмыз. Соларға арнап киіз үйлер тігілді. Басты мақсатымыз - шетелдік оқушыларды қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен, ұлттық ойындарымен, қолөнерімен таныстыру. Сонымен қатар, бүгін мұнда қолөнер және зергерлік бұйымдардың қалай жасалатындығы жөнінде ұста, шеберлеріміз оларға арнап шеберлік сыныптарын өткізеді»,- деді өз сөзінде Алматы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова.

Бүгін Түрген шатқалында Алматы облысына қарасты Іле, Еңбекші қазақ, Талғар, Жамбыл және Қарасай аудандары атынан шетелдік қонақтарға арналып бес киіз үй тігілді. Бұл «Қазақ ауылында» шетелдік қонақтарға алдымен Жаркент және Есік гуманитарлық колледждерінің көркемөнерпаздар ұжымы концерт берді. Кейін оқушылар қазақтың түсаукесер, бесік той, шілдехана секілді дәстүрлерімен жете танысты. Ал ұлттық киім киген жергілікті қазақ жастары қонақтарды алтыбақан тебуге және ауылды аралауға шақырды. Ал «Қазақ ауылында» өмір қайнап жатты. Бір жерде жастар ән салып, мың бұралып би билеп, алтыбақан теуіп жатса, тағы бір жерде қазақ күресінің жас балуандары боз кілемнің үстінде алма-кезек күресіп жатты. Көгалға төселген кілемнің үстінде жасөспірім қыздар тоғызқұмалақ ойнап отыр. Ал ауылдың балалары болса асық ойнап, асыр салып жүр.

Бүгін шетелдік қонақтар үшін «Қазақ ауылында» тағы бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылады.

Соңғы жаңалықтар