18:19, 13 Наурыз 2009 | GMT +5
Инновация мен білімді дамыту - Қазақстанның тұрақты әрі тиімді дамуына негіз болатын бірден-бір жол - А.Башмаков
АСТАНА. Наурыздың 13-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Президенттің биылғы Жолдауын Ресей басылымында жарияланған «Дағдарыстан шығу кілті» атты мақаласында көтерілген мәселелердің заңды жалғасы деуге болады. Екеуінің арасындағы айырмашылық - Жолдауда дағдарысқа қатысты Қазақстандағы жағдай елеп-екшеп, айқын етіп көрсетілген.
Ал екеуіне де ортақ мәселе - екі құжатта да дағдарыс жағдайында қосымша реттеу мен нарықтың бұлыңғыр болашағына үміт артудың тек шығынға отырғызатындығы айтылған. Бұл қағиданы қазір Батыстың танымал экономистері қолдайды». Сенатор Анатолий Башмаков бұл пікірін «Нұр Отан» партиясының өкілдерімен кездесуі барысында айтты. Депутаттың пікірінше, әлемде экономика идеологиясын ой елегінен өткізіп, экономикалық құрылымның жаңа жүйесін ойластыру процесі белсенді жүріп жатыр. Осы тұста Қазақстан әлемдік экономиканың турбуленттілігіне көңіл бөліп, оның алдын алу шараларын алғашқылардың бірі болып қолға алған мемлекет. Елбасы өзінің «Дағдарыстан шығу кілті» мақаласы мен халыққа Жолдауында әлемнің бүгінгі кескін-келбетінің өзгеретіндігін жан-жақты әңгімелеп, оның нақты бағасын берді. «Осы тұрғыдан алғанда Мемлекет басшысының Жолдауын тек жақсылыққа, жарқын болашаққа бастайтын жол ғана емес, интеллектуалдық революцияға деген ұмтылыстың көрінісі», деп бағалауға болар еді. «Осы орайда мен мынаны айтқым келеді. Н.Назарбаевтың ұсынысы әйгілі американдық ғалым Тофлердің ойымен тоғысып жатыр. Аталмыш ғалым XXI ғасырдың ең басты мынадай үш символын атайды. Ол - қуаттылық, байлық, білім. Қазіргі заман постиндустриалды өмірден ғылым мен білімнің және мәдениеттің айрықша маңыздылығымен ерекшеленеді. Болашақта оның орталық әлеуметтік институты қазіргідей зауыт немесе фабрика емес, университет болады. Осы тұрғыдан келгенде Президент Н.Назарбаевтың талмай айтып жүрген инновация мен білімді дамыту мәселелері Қазақстанның тұрақты әрі тиімді дамуына негіз болатын бірден-бір жол», дейді депутат. Университет дегеніміз, тек ғылыми-білім беретін орталықтар ғана емес, ұлт зиялыларын тәрбиелеп шығаратын тетік іспеттес, деген ой айтады депутат. Қазір әлем тек тығырыққа тіреліп ғана қойған жоқ. Әйгілі Италия қаржыгері Джон Валердің сөзімен айтқанда, қазіргі қаржы дағдарысымен бірге қоғамдық-саяси формация ретінде капитализм де жоғалып кетті. Бұл туралы әлемнің көптеген ғалымдары мен ел басқарған азаматтары да айтуда, дейді ол. «Біз пирамида ұстанымына негізделген алыпсатар капитализмге кезігіп отырмыз. Сөзімізге дәлел ретінде айтсақ, бүгінгі бизнестегі алаяқтық, салықтан жалтарып, жемқорлыққа итермелеу, бәсекелестермен қылмыстық жолмен күресу, істеген істің әлеуметтік салдарын елемеу сияқты мәселелер үлкен проблемаға айналып отырғаны шындық. Яғни қазіргі бизнес ішкі нарық заңы мен ар-ұждан заңының бір-біріне қарсы келуіне әкеліп соқтырып отыр. Басқаша айтқанда, қазір бізге саяси, басқарушылық, ғылыми, шығармашылық және бизнес элитасын қалыптастыру қажеттілігі туындап отыр. Бұл орайда жан-жақты ойластырылған терең саясат қажет екендігі айтпаса да түсінікті. Олай болса, бізге болашақ тізгін ұстар азаматарымызды мәдениетті, ар-ұжданды жоғары қоятын, адамгершілік қасиеттері мол адам етіп тәрбиелеуіміз керек. Ал Елбасының осы міндетті «Нұр Отан» партиясына тапсыруы өте орынды іс. «Ар-ұждан мен адамгершілік қасиеттердің бизнестің тиімділігіне тікелей әсер ететін фактор екендігі біздің осы дағдарыстан алатын сабағымыз», - деді сенатор. Депутат сондай-ақ «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратынан университеттердің мамандар даярлау шараларының тиімділігі мен ғалымдарды инновациялық саясатқа тарту жұмыстарын бақылап отыратын арнайы ғалымдар кеңесінің жұмысын жолға қоюдың да өте орынды пікір екендігін атап көрсетеді. Депутаттың пайымдауынша, қазір бізге патриоттық және ар-ұждан ұстанымдарын негізге ала отырып, ғалымдар құрамының сапасын да өзгерту керек. Депутат атап көрсеткен тағы бір мәселе - ақпарат құралдарына қатысты болды. «Қазіргі таңда біздің телеарналарда жан-жақты, терең ойластырылған ғылыми жаңалықтарды көру мүмкін емес. Ол түгілі, бізде тіпті публицистикалық бағыттағы туындылар да жоқ. Осы тұрғыдан алғанда қазір орталық телеарналардан әйгілі академиктер мен жас ғалымдардың қатысуымен телевизиялық клубтар ашу шарасы өзінен-өзі сұранып тұр. Сонда ғана қоғамда елде қалыптасқан проблемаларға ғылыми көзқарас таныту үрдісі пайда болады», деді А.Башмаков.