Инновациялық Еуразиялық Университеті студенттерінің қызу еңбек семестрі - Павлодар

Бүкіл шілде айы бойы, аптасына бес күн күннің ыстығында елу «жауынгер» Павлодар қаласының көшелерін көгалдандырумен, абаттандырумен айналысты, деп хабарлады ЖОО-ның баспасөз қызметінен.
«Студенттеріміз «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыруға бесінші жыл қатарынан белсенді атсалысуда. Жұмыс күні - таңғы сағат 8-ден кешкі 17-ге дейін. Биыл бізге Калинин, Ломов, Бейбітшілік және тағы басқа көшелерді сеніп тапсырды. Балалар гүлзарларды гүлдердің отырғызылуына дайындады, 13 мың шаршы метр ауданға отырғызылған өсімдіктерді суарды», - деп атап өтті жасақтың жетекшісі Гүлнар Төлегенова.
Биылғы жылы «Жасыл ел» облыстық біріккен жасағында 5200 жұмыскер бар. Экологиялық жасақтар өздеріне жүктелген тапсырманы орындады, ал құрылысшы жасақтар үшін еңбек семестрі қызу жүруде. ИнЕУ-нің студенттері басқа көптеген ЖОО-ның студенттерімен бірігіп Усоль шағынауданында Назарбаев зияткерлік мектебінің құрылысына қатысуда.