Инновациялық қызмет өңірде бұдан былай да жандана түсетін болады - Батыс Қазақстан
Бұл бағытта Батыс Қазақстан облысында да тиісті жұмыстар атқарылып келеді.
Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан ҚазАқпарат тілшісіне хабарлағанындай, бұдан бұрын машина жасау, прибор жасау, мұнайхимия және табиғат қорғау технологиялары саласында инновациялық қызметті жандандыру үшін «Алгоритм» технопаркі құрылған болатын. Оның жарғылық қорын толықтыруға облыстық бюджеттен кезінде 886,7 млн. теңге жұмсалды. Бұл қаржы өңірдің бастапқы инновациялық инфрақұрылымын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті машина жасау факультетінің студенттері қазіргі заманғы жабдықтарда оқып, машықтанатын болса, сонымен қатар мамандар әлемдік талаптарға сәйкес білім алатын болды. Кәсіпорындардың инженер-технологтары біліктілігін жетілдіріп, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс жүргізуге мүмкіндік алды. Жапондық «Mori seiki» компаниясының токарьлық-өңдеу орталығы сатып алынып, ол «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ өндірістік алаңында орнатылды. Қазіргі кезде технопаркте машина жасау кәсіпорындары үшін конструкторлық бюро құру мәселесі ойластырылуда.
Облыста сондай-ақ Орал қаласы мен Қазталов ауылында кәсіпкерлерге қолдау көрсететін екі бизнес-инкубатор жұмыс жасайды. Оларда экономиканың түрлі саласында қызмет ететін 36 кәсіпкер орналастырылған.
Бизнесті дамытуда «Батыс» ӘКК» ҰК» АҚ да маңызды рөл атқарады. Бұл компанияның қатысуымен өңірде ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және басқа салада бірнеше жоба жүзеге асырылды. Соның ішінде Теректі ауданы Пойма ауылындағы өсімдік майын шығаратын зауыт, сондай-ақ қазіргі заманғы көкөніс қоймалары бар. Сонымен қатар «Батыстың» қатысуымен Орал қаласы маңында газтурбиналы электр стансысы мен мия тамырын өңдейтін өндіріс орны салынуда.