Инвестиция тұрғысында Қазақстан жүргізіп отырған саясатты негізге алу қажет - IEA атқарушы директорының орынбасары Ричард Джонс

АТЫРАУ. 3 шілде. ҚазАқпарат - 30 маусымда Атырау облысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Ұлыбритания Премьер-Министрі Дэвид Кэмеронның қатысуымен «Қашаған» кен орнын игеру бойынша Солтүстік Каспий жобасының өндірістік нысандарының іске қосылуы салтанатты шарасы өтті. Бұл жобаға инвестиция көлемі 40 млрд. доллардан астам қаржыны қамтыды. Атап айтқанда, осы жоба өндірудің жоспарлы деңгейіне жеткеннен кейін Қашағанда тәулігіне 450 мың баррель мұнай өндірілмек.
None
None

Осы орайда аталған жобаның маңыздылығы мен Қазақстанның әлемдік энергетикалық нарығындағы рөлі тұрғысында, сондай-ақ біздің еліміздік инвестициялық тартымдылығы жайында Халықаралық энергетика агенттігі (IEA) атқарушы директорының орынбасары, 1998-2001 жылдары Қазақстанда АҚШ Елшісі қызметінде болған Ричард Джонс айтып берді.

- Әлемдік энергетикалық нарық үшін Солтүстік Каспий жобасы өте маңызды. Ол Қазақстандағы қалыптасқан инвестициялық ахуалдың арқасында мүмкін болып отыр. Яғни, Президент Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен халықаралық келісімдердің негізінде Қазақстанда шетелдік капиталдың сенімді қызмет етуіне мүмкіндік жасалуына орай бүгінгі жетістіктерге қол жеткізілуде. Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып отыр. Егер де Қашаған жобасына тоқталатын болсақ, қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа жеткізудің қолданыстағы жолдарын ескере отырып, ол бірінші кезекте Еуропаға тасымалданады. Дегенмен де мұнайдың әлемдік теңгерімінде Каспий ресурстары тек қана 2 пайызды құраса да, бұл жеткізілімдер өндірушіге де, тұтынушыға да тиімді болатындай шикізатқа бағаны қолдауда маңызды рөл атқаратыны сөзсіз. Бұл өз кезегінде алдыңғы қатарлы шикізат жеткізушілерінің бірі ретінде Қазақстанның рөлін бекемдей түседі. Осы жоба дүниежүзілік энергетикалық ландшафты өзгертетін негізгі қадамдардың біріне еніп отыр.

- Джонс мырза, бұл энергетикалық ландшафт жайында нақтырақ айтып өтсеңіз?

- Бүгінде мұнайдың сұранысы мен ұсынысы теңгерімінің арасалмағы өзгерген жоқ, алайда, бұл тұрғыда бірқатар жағдайлар бар. Қазіргі кезде жеткізілімдердің тізбегі өзгеруде және осы орайда басқа нарықты байқаудамыз... Жеткізілімдердің жаңа тізбегі бойынша жаңа көздерден жаңа көлемдер, сондай-ақ жаңа сапа пайда болуда. Бұл өз кезегінде нарықтың құрылымын алмастырып, жеткізушілер мен дистрибьютерлердің және тұтынушылардың қадамдарын өзгертуді талап етеді. Біз көмірсутек революциясын АҚШ-та болжап отырмыз және қазіргі кезде осы елде өзіндік жеке өндірудің даму деңгейі қарқынды екенін көрудеміз. Бұған қоса Мұнайды экспорттаушы елдер ұйымы (ОПЕК) мемлекеттерінде мұнай өндіру көлемінің төмендеуі, Солтүстік Африкадағы өзгерістер әлемдік мұнай нарығына елеулі ықпал етуі мүмкін.

- Алайда соңғы кезде кейбір сарапшылар мұнайға сұраныстың артуын, ал біреулері керісінше, бұл сұраныстың төмендеуін айтуда. Бұл тұрғыда Сіз қандай пікір ұстанасыз?

- Менің ойымша, мұнайға деген сұраныстың жалпы өсімі бірқалыпты болмақ. ХВҚ-ның жалпы экономикалық өсімін ескере отырып, біз тәулік сайын 6,9 млн. тонна шамасында алдағы бес жылда сұраныстың жалпы өсімін күтудеміз. Менің пайымымша, көмірсутектерге сұраныстың артуы қарқыны таяу жылдары баяулайды. Бірақ та, Қытай бәрібір де энерготасымалдаушыларға әлемдік сұраныстың негізгі драйвері болып қала береді. Біздің болжамға сүйенсек, Қытайдың энерготасымалдаушыларға сұранысы алдағы жылдары тәулігіне 12 млн. баррельге дейін жетеді. Қытайдан бөлек, Африка секілді негізгі өңірлер бар. Бұл аймақта энерготасымалдаушыларға сұраныс жылына 4 пайызға артуда.

- Осы энергетикалық ландшафта Қазақстан мен жалпы Каспий маңы аймағы елдерінің рөлі қандай?

- Каспий өңірі өзінің ауқымды ресурстық базасын ескере отырып, әлемдік энергетикалық нарықта маңызды рөл ойнауы тиіс және осыны бұдан ары қарай да жалғастыруы қажет. Алайда, бұл елеулі инвестициялар мен күш-жігерді қажет етеді. Сондықтан да Каспий маңы аймағының үкіметтері инвестициялардың айқындылығы мен келісімшарттарға қол сұғылмауын қамтамасыз етуі керек. Атап айтқанда, олар бүгінде Қазақстан жүргізіп отырған саясатты негізге алуы қажет деп есептеймін.

- Джонс мырза! Сізді Солтүстік Каспий жобасы дамудың жаңа кезеңіне шығуымен және Сіз бірнеше жыл Қазақстандағы АҚШ Елшілігін басқарған Астананың 15 жылдығымен құттықтаймыз!

- Рахмет! Бәріңізді де мерекелеріңізбен құттықтаймын!

Соңғы жаңалықтар