Инвесторлар Қазақстанды Орталық Азиядағы инвестицияға ең қолайлы ел деп санайды - Н.Назарбаев

Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
«Біздің елімізде тікелей тжұмыс істейтін инвесторлардың бағалауынша, бүгінде Қазақстанда инвесторлар үшін өңірдегі үздік жағдай жасалған. Мәселен, Халықаралық қаржы ұйымдарымен, яғни Дүниежүзілік банк, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азия даму банкімен ынтымақтастық бағдарламасы аясында таяудағы 5 жылда, біздің уағдаластығымызға сәйкес кәсіпкерлікті, қаржылық инфрақұрылымдарды, электр энергетикасын дамытуға, сонымен қатар институттық реформаларды жүргізуге шамамен 9 млрд. доллар тартылады», - деді Мемлекет басшысы.
ҚР Президентінің атап өтуінше, Орталық Азия және өңірдің басқа да елдері Қазақстан сияқты халықаралық қаржы институттарының сеніміне ие болып отырған жоқ. Олар Қазақстаннан өзге елдерге мұндай көлемде қаржы құйған емес.
Елбасы Индустрияландыру бағдарламасын қолдауға шамамен 10 млрд. доллар шетелдік инвестиция тартылып жатқандығын да еске салып өтті. Инвестициялық ахуалды жақсартуға, ЭЫДҰ стандарттарын елімізге кіргізуге бағытталған жұмыстардың жалғасып жатқанын да айтты. 2017 жылдан бастап Қазақстанға визасыз келетін елдердің қатары қазіргі 35-тен 54 мемлекетке жететіндігін мәлім етті.