Иорданияның елордасы Амман қаласындағы әдемі көшелердің бірі Астананың құрметімен аталатын болады

Бұл туралы бүгін Амманда Астана қаласының әкімдігі мен Амман қаласының муниципалитеті арасында 2010-2011 жылдарға арналған Сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына қол қойылғаннан кейін елорда әкімі Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде біздер қалаларымызды одан әрі жақындастыру үшін алғашқы қадамдарды жасап жатырмыз. Сіздермен кездесердің алдында Амман қаласындағы әдемі көшелердің бірін Астананың құрметімен атау жөнінде келістік. Тиісінше, біз Астанадағы маңызды көшелердің біріне Амманның атауын беру жөнінде шешім қабылдайтын боламыз», деді И. Тасмағамбетов.
Оның сөзіне қарағанда, қол қойылған құжатта Астана мен Амман қалаларының арасындағы жан-жақты қарым-қатынастарының сан алуан қырлары қамтылған. Ондағы іс-шаралар жоспары өте нақты, жүзеге асырылуының мерзімдері, даталары және өзара ынтымақтың бағыттары жазылған. Іс-шаралардың орындалуы екі қала арасындағы байланыстарды одан әрі дамыта түсетін болады. Құжат бірнеше бөлімдерден тұрады. Олар әлеуметтік-экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени-гуманитарлық бағыттарды қамтиды.
И. Тасмағамбетов Амман сынды ірі қаланы басқару тәжірибесі Астана үшін маңызды екенін атап көрсетті. «Амман су ресурстарынан айтарлықтай қиыншылық көріп отырған қала. Астананың қысы қатты, қала осындай жағдайда дамып келеді. Мұндай жағдайларда қаланы басқарудағы көптеген проблемаларды шешуде заманауи технологиялардың қалай қолданылып жатқаны бір жағынан біз үшін қызықты. Екінші жағынан соңғы жылдары Мемлекет басшыларының арқасында мемлекетаралық байланыстардың қарқыны жанданып келеді. Бұл сөз жоқ, екі елдің елордалары арасындағы тиісті ынтымақтастықты талап етеді», деді әкім.
Өз кезегінде Амман қаласының мэрі Омар әл-Маани: «Біз бұны жоғары дәрежедегі құжат ретінде қарастырамыз. Оны бар күш-жігерімізді жұмсай отырып, жүзеге асыратын боламыз», деді.