11:43, 28 Мамыр 2009 | GMT +5
Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға бағытталған 120 миллиард теңгенің 84 миллиарды игерілді ? Қ.Келімбетов
АСТАНА. Мамырдың 28-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыруға бағытталған 120 миллиард теңгенің осы күнде 84 миллиарды игерілді», деді бүгін «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Қайрат Келімбетов бүгін журналистермен болған кездесуде,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Кездесу барысында басқарма төрағасы ақпарат құралдарының өкілдерімен елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қатысты қалыптасқан мәселелер төңірегінде пікірлескен болатын. Осыған орай ипотекалық несиелерді қайта қаржыландыру мемлекет тарапынан тұрғындарға көрсетіліп отырған үлкен қолдау екендігін айтқан басқарма төрағасы «осындай шаралардың нәтижесінде қаншама дағдарыс болды дегенімізбен, елде әлеуметтік қарама-қайшылықтар орын алған жоқ», деп мәлімдеді. Сондай-ақ оның айтуынша, бүгінде елімізде шағын және орта кәсіпкерлік саласы бойынша 2 мың 300-ден астам жобаларға қолдау көрсетіліп отыр. «Бүгін біз осы салаға бөлінген 3-ші траншты толығымен игеріп бітуге таяумыз. Естеріңізде болса, шағын және орта кәсіпкерлік саласына осыған дейін үшінші транш ретінде 1 миллиард теңге бөлінген болатын. Осы айдың соңына дейін бұл қаржы толығымен игеріледі. Бұл еліміздегі 2 мың 300-ден астам шағын және орта бизнеспен айналысатын кәсіпорын алдағы уақытта өз қызметтерін еш кедергісіз жүзеге асырады деген сөз», деді басқарма төрағасы.