Іргесі қаланғанына 185 жыл толатын Хан ордасы ауылы қайта түлеп келеді

ОРАЛ. 5 мамыр. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бөкей ордасы ауданына қарасты іргесі қаланғанына биыл 185 жыл толатын Хан ордасы ауылы соңғы кезде қайта түлеп келеді.
None
None

Бұл туралы ауылдық округ әкімі Мейрамбек Аққалиев мәлім етті.

Нарынның бір бөлігі Жасқұс құмы баурайында 1826 жылдан бастап хан сарайын Жәңгір хан тұрғыза бастағаны тарихтан мәлім. М.Аққалиевтің айтуынша, өткен жылы облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің тікелей атсалысуымен Мұратсай-Орда газ құбыры тартылып, өркенді іске өріс ашылды. Бүгінде округ орталығы - Хан ордасы ауылындағы 406 үйдің 206-сы көгілдір отынның рақатын көріп отыр. Орта мектеп, балабақша, интернат, ауылдық әкімдік, аудандық туризм орталығы, мәдениет үйі сияқты мемлекеттік мекемелер табиғи газбен жылытылады. Газ жетпеген жалғыз мемлекеттік нысан бар. Ол - ауылдық аурухана. Сонау XIX ғасырда іргетасы қаланған аурухана үлгі жобаға сәйкес болмағандықтан, дәрігерлік ем көрсетуге мамандардың мүмкіндігі шектеулі. Әкімнің айтуынша, тұрғындарды көптеген жылдар бойы толғандырып жүрген жаңа аурухана салу туралы толғақты мәселе тек 2014 жылға қарай шешімін табатын сыңайлы.

Соңғы жылдары ашылған шағын және орта бизнес нысандары, бір жағынан, ауылды көріктендіріп, екінші жағынан, тұтынушыларды қолжетімді әрі сапалы өніммен қамтамасыз етіп отыр. Сондай-ақ өткен жылғы қыркүйек айында пайдалануға берілген «Тұрмыс үйінде» азық-түлік пен киім-кешек бөлімдеріне қоса, фотосалон, ателье, жиһаз цехы, билайн орталығы, тірлікте тұтынатын мың бір ұсақ-түйек бар. Тура қаладағыдай. Енді ордалықтар үшін 600 шақырым жердегі Оралға қатынап, уақыт пен жолақыға шығынданудың қажеттілігі азайды.

Облыс басшысының қолдауымен 15 орындық үш жұлдызды қонақүй салынып жатыр. Мейрамбек Сағынғалиұлының сөзіне қарағанда, былтыр қараша айында құрылыс жұмыстарын бастаған «БатысТрансСтрой» ЖШС мамыр айында нысанды пайдалануға бермекші.

Биыл аудан әкімі Рахман Кариннің тапсырмасына сәйкес 170 жылдық тарихы бар Жәңгір хан атындағы орта мектеп жанынан жылыжай салынбақ. Ауылішілік жарықтандыруға 1 млн. 50 мың теңге жұмсалды. Ауыл көшелері түнде самаладай жарқырап тұрады. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына орай мәдениет үйінің алдында мемориалдық кешен тұрғызылса, тұғырлы тәуелсіздігіміздің 20 жылдық және Бөкей хандығының 210 жылдық мерейтойлары қарсаңында ауыл келбетін келістіретін билбордтар жаңартылды. Қазір қос мерекеге дайындық қызу жүріп жатыр.

«Хан ордасы» ЖШС-на қарасты бос тұрған бу қазандығының ғимаратын сатып алып, спорт кешеніне айналдыру да ойластырылуда.

Соңғы жаңалықтар