16:34, 19 Қараша 2012 | GMT +5
Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісін әлі де зерттей түсу қажет - БҚО
ОРАЛ. 19 қараша. ҚазАқпарат - ХІХ ғасырда Қазақстанның батысында орын алған Исатай-Махамбет бастаған ұлт-азаттық көтерілісін әлі де зерттей түсу қажет. Бұл Исатай мен Махамбет бастаған ұлт-азаттық қозғалысындағы елеулі датаның бірі - Тастөбе шайқасының 175 жылдығына орай Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті тарих және құқық факультеті ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында айтылды.
Аталмыш шайқастың мән-маңызы туралы тарих ғылымдарының докторы, БҚМУ-дің проректоры Әбілсейіт Мұхтар, тарих ғылымдарының докторы Тұяқбай Рысбеков, өлкетанушы Амангелді Құрақов, «Исатай-Махамбет» қоғамдық қорының төрағасы Темірхан Елеубаев, жас ғалымдар, тарих ғылымдарының кандидаттары Саялбек Ғиззатов, Жаңабек Жақсығалиев, Жәнібек Исмурзин, тележурналист Мұнайдар Балмолда айтып берді. Тарихшылардың пікірінше, әсіресе, әлі күнге Ресей архивтерінде жатқан, еш жерде жарияланбаған көп құжатты тарихи айналымға шығару үшін нақты жұмыс, қомақты қаржы керек.