Ішкі әскерлердің Батыс құрамасы елдегі үздіктер қатарында
Бұл туралы Батыс құрама командирі, генерал-майор Бауыржан Әбжанов мәлім етті.
Оның айтуынша, құрама штабы Орал қаласында орналасқан. Батыс құрамаға Орал, Ақтөбе, Ақтау және Атырау қалаларында мекен тепкен әскери бөлімдер кіреді.
2011 жылдың қорытындысы бойынша Батыс құрама республика ішкі әскерлері бөлімдері арасында екінші орынды еншіледі. Қызметтік-жауынгерлік міндетін орындау жөнінен Батыс құрама бөлімдері арасында №5517 әскери бөлім (полк командирі, майор М.Құрмантаев) бірінші орынға ие болды. Өткен сенбі күні осы бөлімде жаңадан келген 162 сарбаз ант қабылдады. Ант қабылдау рәсіміне Астана, Алматы, Шымкент, Көкшетау қалаларынан сарбаздар ата-аналары да келді.
Өткен жылғы су тасқыны кезінде де аталған бөлім жауынгерлері табиғат апатына ұшырағандарға өз көмектерін көрсетті.
Алдағы уақытта да ішкі әскерлер өз міндетін мінсіз атқаруға күш салатын болады.