10:51, 01 Маусым 2009 | GMT +5
Ішкі істер басқармасының ұйытқы болуымен «Динамо-Қазақстан балаларына» акциясы өткізілді
КӨКШЕТАУ. Маусымның 1-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Көкшетауда облыстық ішкі істер басқармасының ұйытқы болуымен маусымның 1-і - Халықаралық балаларды қорғау күніне орай «Динамо-Қазақстан балаларына» акциясын өткізіп, облыс орталығының балғындарына сый-сияпат ұсынды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.«Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Виктор Букреевтің айтуынша, мұндағы басты мақсат балғындарды спортқа баулып, жаман әдеттен арылуға ықпал ету болып табылады. Бұл жолғы шараға ішкі істер басқармасы қызметкерлерінің балалары, аз қамтылған отбасылар, қалалық ішкі істер басқармасында, жергілікті мектептерде есепке алынған бүлдіршіндер, жалпы спортты жанына серік еткісі келгендер қамтылды. Акция кезінде «Отбасылық старт» бойынша сайыс ұйымдастырылып, дзюдо, каратэ, спорттық би секцияларының қатысушылары және «Арлан» жасақтары өз өнерлерін көрсетті. Мерекелік шара балғындардың концерттік бағдарламасына ұласты.