Ішкі істер департаментінде 20-ға жуық өзге ұлт өкілдері қызмет етеді - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қазақы қаймағы бұзылмаған, Алаштың анасы атанған Қызылорда өңірінде 32 мыңға жуық ұлт өкілі татулықта өмір сүріп жатса, халықтың қауіпсіздігі мен бостандығын қорғауды басты мақсат еткен облыстық ішкі істер департаментінде 20-ға жуық өзге ұлт өкіліабыройлы қызмет етіп жатыр, деп хабарлайды ОІІД мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің басшысы Гүлжахан Қайырбергенова.
None
None

Туған елінің туының астында бірігіп, туған жердің тұғырын биік етуге бел шешкен олар перзеттік парыздарын лайықты өтеп келеді. Өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін адал орындағаны үшін ҚР Ішкі істер министрлігінің, Ішкі істер департаменті бастығының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарының бірнеше мәрте иегерлері атанған. Барлығы дерлік Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілін толық меңгеріп, жұмыс барысында да, күнделікті тұрмыста да бір адамдай қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасай алады. Жыл сайын «Тілдерді оқытудың өңірлік орталығы» ұйымдастыратын мемлекеттік тілді оқыту курсына қатысып, біліктері мен білімдерін жетілдіруде. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясында «Өзін Қазақстанның азаматы санайтын кез келген адам, кез келген ұлттың өкілі барлық өркениетті елдердегідей мемлекеттік тілді меңгеруге ұмтылуы тиіс», - деп өз үндеуін жеткізді емес пе?! Міне, тілді игеруді азаматтық ұстанымы, құшағын айқара ашқан Қазақстан алдындағы перзенттік парызы санайтын ІІД қызметкерлері Елбасының сөзін жүзеге асыруда.

Сонымен қатар, Ішкі істер министрінің қолдауымен жыл сайын ұйымдастырылатын мемлекеттік тіл саясатын кеңінен насихаттап, тәртіп сақшыларының қоғамдағы оң имиджін қалыптастыру, мемлекеттік тілді құрметтеу, мәртебесін арттыру, парасаттылық рухын көтеруге бағытталған «Парасатты полицей» атты байқауға үнемі қатысуда. Әсіресе, Қазалы аудандық ішкі істер бөлімі Ювеналды полиция басқармасының тергеушісі Тен Айнұр, облыстық ішкі істер департаменті Көші-қон полиция басқармасының инспекторы Угай Борис, Қалалық ішкі істер басқармасының анықтаушысы Федорук Владимир сынды қызметкерлер әр өңірден қатысатын полицейлермен иық тіресе бас сынасып, Сыр елінің, Ішкі істер департаментінің намысын абыроймен қорғап келеді. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, барлығы дерлік бірінен-бірі озған «Сыр елі-жыр елі» атанған қасиетті өлкенің киесі қонған күміс көмей, жез таңдай әншілері, қасиетті өнер иелері. Мемлекеттік мерекеге орай ұйымдастырылатын іс-шараларда көптен суырылып шығып, көкейіңді кернеп, патриоттық сезіміңді оятар әндерін арнайтын да осылар.

«Ұлт тағдырын ұрпақ шешетіні айқын. Бірі - қазақтың қызын алып күйеу бала атанса, бірі - қазақы отбасыға салиқалы келін атанып, қазақы шаңырақтың түтінін түтетіп отыр. Осы орайда, тұрақтылық пен халқымыздың тыныштығын күзетіп, елге қорған болып жүрген өзге ұлтты апа-ағаларымыз балаларына әдет-ғұрпымызды, қазақы ділімізді, рухани құндылықтарымызды бойларына сіңіре отырып тәрбие беріп жатыр деген сенімдеміз. Өйткені ұлты қазақ болмаса да сөзі қазақ, жүрегі қазақ бауырларымыздан нағыз ұлтжанды, Қазақ елінің болашақ қорғаушылары мен батырлары өніп шығатыны айқын»,-дейді Г. Қайырбергенова.

Соңғы жаңалықтар