Ішкі істер министрлігінде Парламент Мәжілісінің Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің көшпелі отырысы өтті

АСТАНА. 5 наурыз. ҚазАқпарат - Бүгін Ішкі істер министрлігінде Парламент Мәжілісінің Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің өкілдері көшпелі отырыстарын өткізді.
None
None

Жиын барысында ішкі істер саласында атқарылып жатқан істер мен осы органның қызметіне қатысты қордаланған көптеген мәселелер сөз болды. Осы турасында жиын алдында журналистерге сұхбат берген Мәжілістің Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, депутат Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, бүгін депутаттар талқылайтын тақырып қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен оны заңнамалық тұрғыдан қолдауды қажет ететін мәселелерді анықтау болып табылады.

«Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында еліміздің алдына бірқатар маңызды міндеттер қойды. Олардың арасында мемлекетімізді экономикалық, әлеуметтік және саяси тұрғыдан жаңғырту міндеті де бар. Осы бағыттағы жұмыстардың бірі ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қоғамдық қауіпсіздік мәселесіне мән беру. Бұл міндеттерді жүзеге асыруға құқық қорғау органдары ғана жұмылдырылып қоймай, мемлекеттік органдардың барлығы араласып, ортақ іске депутаттар да атсалысулары қажет»,- деп атап көрсетті комитет төрағасы. 

Ал депутат Юрий Тимошенконың айтуынша, бұл Мәжіліс депутаттарының құқық қорғау саласындағы жұмыстармен танысуға бағытталған алғашқы көшпелі отырысы. «Біз мұнда ішкі істер саласының компьютерлік, коммуникациялық және бейнебақылау жұмыстарымен таныстық. Мұндағы жедел басқару орталығынан көптеген орындарды алақандағыдай бақылауға болады. Онда тіпті республиканың қай аймағында қанша және қандай қылмыс жасалып жатқандығын көзбен көріп, бақылап, есебін шығаруға болады. Мәліметтер базасы да жақсы. Сондықтан мұндай құрылғыларды жергілікті әкімдіктер өздерінің бюджеттері есебінен орнатуда. Бұл қоғамдық тәртіпті, тазалықты бақылауға өте ыңғайлы әдіс», - деді халық қалаулысы.  

Соңғы жаңалықтар