Ішкі нарық 2016 жылға қарай «Еуро-4», «Еуро-5» стандартты отандық жанармаймен жүз пайыз қамтылады - С.Мыңбаев
«Бейнеу-Бозой» газ құбыры жобасы биыл басталатын болды. Бұл туралы бүгін Мәжілістегі Үкімет сағатында баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев мәлім етті.
Министр Елбасының Жолдауына сәйкес мұнай мен газ саласында бірқатар міндеттер атқарылатынын атап өтті. «Атап айтқанда, көмірсутек ресурстарын тиімді басқару бойынша стратегия әзірленеді. Жер қойнауын пайдалану бойынша мораторий күші жойылды. Көмірсутек шикізатының стратегиялық қоры жасалады. Шетел инвестицияларын тартуға, мұнай мен газ саласында озық технологияларды пайдалануға зор мән беріліп, шикізатты терең өңдеуге инвестиция сараланады. 2016 жылдың соңына қарай «Еуро-4», «Еуро-5» стандарттары бойынша ішкі нарықты 100 пайыз отандық жанар-жағармаймен қамтамасыз ету көзделеді», - деді С. Мыңбаев.