Ислам Конференциясы Ұйымында Қазақстанның Тұрақты өкілдігі ашылды
Бұл қадам біздің еліміздің әлемнің 57 мемлекетінің басын қосып отырған осынау беделді халықаралық бірлестікпен өзара қарым-қатынасын нығайтуға бағытталып отыр, деп хабарлады Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметінен.
Өкілдік Қазақстанның келесі жылы Конференцияға төрағалығының қарсаңында ашылып отыруы үлкен маңызға ие. Бұл сонымен бірге, халықаралық сахнада қазақстандық бастамаларға қолдау көрсетіп отырған мұсылман әлемі мемлекеттерімен Астананың өзара тиімді ынтымақтастықты әрі қарай кеңейтуге деген ықыласын паш етеді.
Тұрақты өкілдіктің басшысы болып Бақыт Батыршаев тағайындалды.
Кеше Тұрақты өкілдік басшысы Ислам Конференциясы ұйымының Бас хатшысы, профессор Екмеледдин Ықсаноғлымен кездесті. Кездесу барысында қазақстандық дипломат Екмеледдин Ықсаноғлыға ЕҚЫҰ-ның Қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы -сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың хатын табыс етті. Екмеледдин Ықсаноғлы әңгіме барысында Қазақстан басқарып отырған ұйымның жұмысына жоғары баға беріп, Астананың халықаралық сахнадағы беделін айрықша атап көрсетті және 2011 жылы Қазақстан төрағалығы Ислам Конференциясы Ұйымының қызметіне жаңа серпін беретіндігіне үміт білдірді. Ұйым басшысы сондай-ақ, маусымның 7-9-ында Ыстамбұлда өтетін өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммитінің жұмысына қатысу туралы Қазақстан мен Түркия сыртқы саясат ведомстволары басшыларының шақыруын қабыл алды.