Ислам ынтымақтастығы ұйымы «Үлкен жиырмалықпен» тиімді ынтымақтаса алады - Қ.Мәми

ЭР-РИЯД. 25 ақпан. ҚазАқпарат - «Ислам ынтымақтастығы ұйымы «Үлкен жиырмалықпен» тиімді ынтымақтаса алады», - деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қайрат Мәми «Ритц-Карлтон» қонақүйінде өтіп жатқан «G-20» елдері Парламент спикерлерінің «Мәдениеттердің ғаламдық диалогы» консультациялық кеңесінің 1-ші сессиясында сөйлеген сөзінде.
None
None

«Бұл форум заманның көкейкесті мәселелеріне арналған. Уақыт өте келе маңыздылығы да арта түсіп келе жатқан тақырыптардың бірі - діни төзімділік пен мәдени-рухани түсіністік тақырыбы. Бұл тұрғыда екі Киенің Сақтаушысы, Сауд Арабиясының Королі, Аса Мәртебелі Абдалла бен Абдель Азиздің дінаралық диалогты дамытуға қатысты игі бастамалары халықаралық аренада үлкен құрмет пен қолдауға ие екендігін атап өткім келеді», - деді Қ.Мәми.

Парламент Сенатының төрағасы дінаралық және өркениетаралық диалогты дамыту Қазақстанның сыртқы және ішкі саясатындағы басымдықтардың бірі болып табылатынын атап өтті. «Біздің бұл бастамаларға қосқан үлесіміз аз емес. Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысы бойынша 2003 жылдан бері Қазақстанда тұрақты түрде әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездері өткізіліп отырады», - деп мәлімдеді ол. Парламент төрағасы Астанада 2012 жылдың 30-31 мамырына жоспарланып отырған 4-ші съездің тақырыбы - «Бейбітшілік пен келісім - адамзаттың таңдауы» екенін хабарлады.

Қ.Мәми Қазақстанның өркениетаралық диалогты дамыту саласында басқа беделді құрылымдармен, атап айтқанда, Өркениеттер альянсымен ынтымақтастыққа үлкен мән беретінін айтты. Осы екі форум мәдениеттер мен діндер арасында бір-бірін толықтыратын институттар болып табылады.

Қ.Мәми сондай-ақ өркениетаралық диалог Қазақстанның Ислам ынтымақтастығы ұйымына төрағалық етуінің басты мақсаттарының бірі болып табылатынын атап өтті. Қазақстандық тарап елдерінде энергиялық қорлардың 70 пайызы бар ИЫҰ «Үлкен жиырмалықпен» тиімді ынтымақтаса алады, деп санайды. Бұл ретте Президент Н.Назарбаевтың ИЫҰ өкілдерінің «Үлкен жиырмалық» саммиттеріне қатысу мүмкіндігі туралы бастамасы өте маңызды болып табылады.

Соңғы жаңалықтар