Италия профессорлары Қазақстанға шашыраңқы склерозды емдеудің жаңа тәсілдерін алып келді
Италияның Ля Сапиенза университетінен келген профессорлар Франческо Федели, Сандро Мандолези, Рим қаласының медицина академиясынан Чезаре Фьечи, Рим қаласының Әулие Андрей университетінен Михеле Росси алғаш рет Қазақстанда шашыраңқы склерозды емдеудің бірегей, дүниежүзінде теңдесі жоқ ангиохирургиялық әдісін көрсетеді.
Шара соңында Ля Сапиенза және «Астана медициналық университеті» АҚ арасында меморандумға қол қояды деп жоспарлануда. Оның аясында ғылыми әріптестік, студенттермен және оқытушылармен алмасу, сондай-ақ шашыраңқы склерозды емдеу саласында серіктестікті орнату, ақпарат алмасу көзделуде.
«Бүгінгі конференция барысында біз қазақстандық әріптестерге Италияда өз жемісін берген шашыраңқы склерозды емдеудің жаңа әдіс-тәсілдері туралы айтып береміз. Аталмыш тәсілдер Италияда ғана емес, енді Қазақстанда да осы ауру түріне шалдыққан адамдарға жаңа мүмкіндіктер ашпақ. Жаңа ем мойындағы қан жолдарын кеңейту арқылы миға қанның түсуін жеңілдетуге бағытталған ангиопластикаға негізделген», - дейді итальяндық профессор Сандро Мандолези.
Медицина ғылымындағы шашыраңқы склероз (ШС) негізінен жас жеткіншектердің арасында ми мен жұлынға тікелей әсер еткен жүйке жүйесінің ауруы. ШС ми мен жұлынды қамтыған жүйке жүйесіндегі жүйке ұяшығының қимыл-қозғалыс, көру, есту секілді қызметтерін реттейтін жүйке талшықтарындағы миелиндік қабыршағының аллергиялық қабынуының әсерінен болады.
ШС-ның көптеген түрлері бар. ШС - жасөспірімдер арасында жүйке жүйесіне қатты әсер ететін дерт. Бір айта кетерлігі, ШС жұқпалы әрі тұқым қуалайтын ауру емес. ШС-ның қандай себептерден болатыны әрі оны болдыратын себептер белгісіз.
Шашыраңқы склероз: әйелдерде, 20-40 жас аралығындағы адамдарда, ақ нәсілді адамдарда, қоңыржай және суық климатта өмір сүретіндерде жиі кездеседі.
Аурудың алғашқы белгілері: көздің бұлдырап, көру қабілетінің нашарлауы, бір нәрсені қосарлап көру, тұтығу, аяқ-қолдың әлсізденуі, қолының қалтырауы, үнемі шаршап, әлсізденіп қалу. Алайда, бұлар тек қана ШС ауруының ғана белгісі деген қате түсініктен аулақ болу керек. Себебі, басқа ауруларда да осындай белгілер көрінуі ықтимал.