Италияда қазір 4 миллионнан астам компания бар - Италия-Қазақстан сауда палатасының атқарушы директоры
Бұл бүгін Алматыда «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры, Италия-Қазақстан сауда палатасы, Парм Өнеркәсіпшілер одағы және «Атамекен одағы» Қазақстан ұлттық экономикалық палатасы арасындағы Меморандумдарға қол қою рәсімінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біз бүгін маңызды меморандумға қол қойдық. Италияда 4 миллионнан астам компания бар. Бұл Қазақстандағы индустрияландыруды жеделдетуде маңызды құрал бола алады. Қазақстандықтар қазір Италияны сән, жиһаз өнімдері арқылы ғана біледі. Енді экономиканың жаңа секторларын ашу керек. Біздің міндет - агроөнеркәсіпті дамытуға үлес қосу. Өйткені Қазақстан қазір экономиканың бұл саласын дамытуға ерекше көңіл бөлуде», дейді Италия-Қазақстан сауда палатасының атқарушы директоры Марко Граната. Оның айтуынша, қазір оның қолында екі елдің арасындағы тауар айналымы мен инвестицияның нақты көлемі туралы соңғы деректер жоқ. Бірақ алдағы уақытта оның көлемі бұрынғыдан арта беретін болады. Олардың бұл сапарынан Италия кәсіпкерлері хабардар. Енді өз елдеріне барған кезде Қазақстан туралы жинаған ақпараттарын олармен бөлісіп, Италия кәсіпкерлерінің үлкен делегациясын бастап келмек. Мұндай сапар енді қазақстандықтар тарапынан да жасалатын болады.