IV Астаналық экономикалық форум аясында темір жол саласындағы құжаттарға қол қойылды

АСТАНА. 3 мамыр. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Үкімет Үйінде IV Астаналық экономикалық форум аясында темір жол саласындағы құжаттарға қол қойылды. Айта кетейік, қол қою рәсіміне ҚР Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қатысты.
None
None

Атап айтқанда, «Қазақстан темір жолы» компаниясының президенті Асқар Мамин мен «Альстом Холдингс» компаниясының вице-президенті Бернар Гонэ Қазақстанда темір жол саласында бағыттамалы электр жетектерді өндіру бойынша бірлескен кәсіпорынды құру тұрғысындағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумды бекітті. Осы арқылы бірлескен кәсіпорын құрылып, Қазақстан аумағында аталған электр жетектер шығарылатын болады. Бұл өндіріске «Альстом Холдингс» компаниясының өнімдері мен техникалық шешімдері пайдаланылады.

Сонымен қатар, ҚТЖ президенті Асқар Мамин «Систра СА» компаниясының атқарушы вице-президенті Андре Онайзермен Астана-Алматы жоғары жылдамдықты темір жол магистралі құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге арналған техникалық мақсатты дайындау бойынша француздық компания тарапынан консалтингтік қызмет көрсетуді көздейтін келісімге қол қойды.

Айта кетейік, бүгінде «Систра СА» компаниясы әлемде жоғары жылдамдықты темір жол байланыстарын орнатуда елеулі тәжірибе жинақтаған компаниялардың бірі.

Соңғы жаңалықтар