Израиль ұшақтары Ливанның әуе кеңістігін бірнеше рет бұзды
Израиль ұшақтары Набатия, Марджаюн және Эль-Хиям қалаларының үстінен айналған және 2006 жылғы қақтығыстан кейін радикальдық «Хезболлах» тобының базасы қоныс аударған Иклим ат-Туффах елді-мекенінің үстінен бірнеше рет төмендеп ұшқан, деп хабарлайды ИТАР-ТАСС агенттігі.
Израль ұшақтары өткен тәулікте Ливанның әуе кеңістігіне Жерорта теңізі жақтан бірнеше рет ұшып кірген. Шабуылдаушы ұшақтар Бейрут, Библос, Батрун және Баальбек қалаларының үстінен де байқалған. Ливанның әуе қорғанысы күштері «қарсыласқа қарсы оқ ашуға сәл қалғандарын» мәлім етіп отыр.
БҰҰ-ның Уақытша күштерінің қолбасшылығы Израиль тарабының бұл әрекетін «БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1701 қарарын бұзу» деп бағалауда. Ал Израильдің бас штабы өз кезегінде, бұл барлау сапарлары шиит содырларының қозғалысын бақылау үшін жасалғанын мәлім етіп отыр.
Израильдің «Нахарет» ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Израильдің БҰҰ-дағы Елшісі сенбі күні Қауіпсіздік Кеңесіне хат жолдап, «Хезболлах» күштерінің шекараның бойына 15 мың жаңа зымыран орнатқанын және ол зымырандардың Тел-Авивке ғана емес, Қызыл Теңіздегі Эйлат айлағына да жетуге қабілетті екенін мәлім еткен.