К.Браунер: Н.Назарбаев ДСҰ шараларына жаңа дәстүр енгізді

ЖЕНЕВА. ҚазАқпарат - Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Дүниежүзілік сауда ұйымы шараларына жаңа дәстүр енгізді әрі мұның алдағы уақытта жалғасын табатындығына сенімдіміз.
None
None

Қазақстандық БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ДСҰ Бас директорының орынбасары Карл Браунер осылай айтты.

«ДСҰ келіссөздері барысының өзі Қазақстан үшін барынша тиімді болды. Ұйымға қосылу аясында елдеріңізде үлкен реформалар орын алып, көптеген заңдар өзгертілді. Ал енді ДСҰ бас кеңесі отырысына қатысты айтар болсам, шара ерекше жағдайда өтті. Ұйымға мүше елдер мемлекетті алғаш рет дәл осындай қошеметпен қатарларына қосып отыр. Мұнан бөлек, кандидат елдің Президенті де іс-шараға қатысу үшін арнайы алғаш рет келді. Бұл дәстүр алдағы уақытта да өз жалғасын табатындығына сенім зор», - деді ол.

К.Браунер өз сөзінде Қазақстанның мол табиғи ресурстарының болуына қарамастан шикізатқа тәуелділіктен бас тартып, экономикасын әртараптандыруға ден қойып отырғандығын баса атап өтті.

«Германияның Экономика министрі болған кезімде мен Қазақстанмен тығыз байланыста болған едім. Алғаш рет Алматыға осыдан 15 жыл бұрын бардым. Сондықтан сіздердің елдеріңіздің әлеуетін шынайы бағалай аламын. Бірден айта кетейін, сіздердің даму жолында барлық мүмкіндіктеріңіз бар. Мемлекет басшыларыңыздың да рөліне айрықша атап өткім келеді. Нұрсұлтан Назарбаев келіссөздер процесінің табысты аяқталуы үшін барын салды және жеке өзі ДСҰ Бас кеңесіне қатысуы арқылы жаңа дәстүр қалыптастырды», - деді ДСҰ Бас директорының орынбасары.

Сонымен қатар ол Қазақстанның ұйымға кіруі барысында ДСҰ мен ЕАЭО нормаларын үйлестіруде қиындықтар туындағанын атап өтті.

«Бірақ, келіссөзшілер бұл міндетті табысты атқарып шықты. Бұл елдер арасындағы қарым-қатынаста теңгерімді сақтай отырып, ымыра жол іздеуге қабілетті елге, яғни, Қазақстанға ғана тән қасиет деп білемін. Сіздер ымыра жол тауып, оң қарым-қатынас орната аласыздар. Ал бұл қазақстандық саясаткерлерге ғана тән ерекшелік», - деп түйіндеді сөзін К.Браунер.

Айта кетейік, кеше Дүниежүзілік сауда ұйымы бас кеңесінің отырысының қорытындысында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ДСҰ бас директоры Роберто Азеведо Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына қосылуы туралы хаттамаға қол қойған еді.

Соңғы жаңалықтар