Қ.Көшербаев Қазалы мен Арал аудандарына қарасты елді мекендердің тыныс-тіршілігімен танысты
Аймақ басшысы Қазалы ауданында Сарбұлақ, Ақсуат, Шәкен ауылдарына ат басын бұрып, ондағы денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет нысандарының жағдайларымен танысты. Сонымен бірге елді мекендердегі ақсақалдармен және тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік мәселелерді талқылады. Сарбұлақ ауылында биыл ауданның өз қаржысына спорт алаңы салынатын болса, облыстық бюджет есебінен 100 орындық мектеп құрылысының құжаттары әзірленеді. Ақсуат ауылындағы үйлерге ауызсу құбыры тартылып, дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттамалары дайындалады. Ал Шәкен ауылында биыл дәрігерлік амбулатория бой көтереді.
Облыс әкімі Арал ауданында үш елді мекенге тоқтады. Олардың арасында Сапақ, Бекбауыл және Аралқұм бар. Қ.Көшербаев орта мектептер мен кітапханаларға соғып, мектеп түлектерінің ҰБТ-ға дайындығы мен білім сапасын арттыру мәселелерін пысықтады. Аралқұм ауылында күндізгі станционарлық емхананың жұмысымен танысты.
Түс ауа өңір басшысының жұмыс сапары Қазалы ауданына қарасты үш ауылды аралаумен жалғасты. Қ.Көшербаев Бекарыстан би, Майдакөл, Ү.Түктібаев ауылдарындағы жағдайды да көзімен көріп, қордаланған әлеуметтік мәселелерге зер салды. Биыл «Бекарыстан би-Майдакөл» аудандық маңызы бар көлік жолына орташа жөндеу жүргізіліп, Сырдариядан өтетін көпірдің жобадық-сметалық құжаттамасы әзірленеді. Ал, Майдакөл ауылында «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы шеңберінде үш көшенің жолы жөнделеді. Ү.Түктібаев ауылында ауылдық дәрігерлік амбулаторияның жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы шеңберінде республикалық бюджеттен ауыл көшелерін жарықтандыру жүзеге асады.
Кешкілік облыс басшысы «Қазалы психикалық жүйке ауруларының интернаты» мемлекеттік мекемесінде болды. Бұрынғы балабақша ғимараты интернатқа берілген. Дәрігерлер 100 орынға есептелген ғимараттың таршылығын тілге тиек етті. Әкім интернатта күрделі жөндеудің сапалы жүргізілуін мердігер компания басшыларына қатаң талап етіп қойды.
Іссапардың келесі күні Қ.Көшербаев «Рза» акционерлік қоғамына қарасты шаруашылықта болып, өндірістің жұмыс ырғағымен танысты. Сонымен қатар Ғ.Мұратбаев ауылындағы орталық саябаққа аялдап, абаттандыру жұмысын көрді. Кент орталығында жаңадан салынғалы жатқан 600 орындық мектептің сызбасын аудан басшыларымен бірлесе талқылады. Одан бөлек өңір басшысы «Шағала» тынығу лагерінің жобасымен танысып, оған өзгертулер енгізуге байланысты өз ұсынысын жеткізді.