Қ.Көшербаев оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру мәселелерін пысықтады

ҚЫЗЫЛОРДА. 24 сәуір. ҚазАқпарат - Қызылордада облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен оқушылардың жазғы демалыстарын ұйымдастыруға дайындық мәселесі қаралды.
None
None

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Құралай Ерташеваның айтуынша, биылғы жылы лагерь, сауықтыру орындарына облыстан 105 мың 865 мектеп оқушысы жолданады. Оның ішінде 8 мың 248 бала жазғы лагерьлерге баратын болса, 39 мың 853-і мектеп жанынан ашылған күндізгі лагерьлерде тынығады. Тағы 11 мың 320 балаға кешенді саяхат ұйымдастырылып, 47 мың 88-і спорттық секциялар мен үйірмелерге қатысатын болады. Ата-ана қамқорлығынан тыс қалған, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларда тұратын 300-ге жуық бала да жазғы лагерьлерге жолдама алады. Одан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, 1 мың оқушы еліміздің өзге аймақтарындағы лагерьлерге жол тартады.

Құралай Ерташева сонымен қатар, өңіріміздегі лагерьлердің түйіткілді мәселелеріне тоқталды. Арал ауданындағы «Ұландар» лагерінің клубы, Жалағаш ауданындағы «Ақтерек» лагерінің 3-ші корпусының жағдайы сын көтермейді. Қазалы, Сырдария, Жаңақорған аудандарындағы лагерьлерге монша салу қажет. Жиында бірнеше ауданның әкімі лагерьлерді күрделі жөндеуден өткізуге қаржының бөлінгенін мәлімдеп, демалыс маусымына тынығу орындарын дайындап үлгіретінін жеткізді. Жиынды қорытындылаған облыс әкімі тиісті сала басшыларына 15 мамырға дейін лагерьлердің жағдайына байланысты бақылау жасап, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын «Астана күні» мерекесі қарсаңында Елордаға саяхат ұйымдастыруға сала басшыларына тапсырма жүктеді.

Соңғы жаңалықтар