Қ.Көшербаев Шиелі ауданында болып, 17 округтің тыныс тіршілігімен танысты

ҚЫЗЫЛОРДА. 3 мамыр. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев жұмыс сапарымен Шиелі ауданында болып, 17 ауылдық округтің тыныс-тіршілігімен танысты.
None
None

Аймақ басшысы сапарын Ботабай ауылынан бастады. Ол ауыл ақсақалдары және тұрғындарымен кездесіп, олардың айтқан ұсыныс, өтініштеріне құлақ түрді. Елді мекен тұрғындары 40 шақырым тас жолға күрделі жөндеудің қажеттігін айтты. Әкім жолдың жоба-сметалық құжаттары жасалып, қаржыландыру мәселесі республикалық бюджетке ұсынылғанын мәлімдеді.

Бәйгеқұм ауылындағы кездесуде Қырымбек Көшербаев ауылдық клуб құжатының дайындалғанын айтып, оны облыс бюджетінде қарап, жыл соңына дейін клуб ауыл тұрғындарының игілігіне берілетінін хабарлады. Мектеп пен балабақшаның күрделі жөндеуіне қажетті қаржы республикалық бюджетке ұсынылған. Ауыл тұрғындары Бәйгеқұмға ешбір жолаушылар поезының тоқтамайтындығын алға тартты. Облыс әкімі осы орайда «Қазақстан темір жолы» ҰК-мен келісімге келіп, мәселені шешуге атсалысатынын жеткізді.

Жөлек ауылында мектепті күрделі жөндеуден өткізу «Жол картасы-2020» бағдарламасына ұсынылған. Ал Ә.Тәжібаев ауылында мектеп күрделі жөндеуден өтпек. Бестам ауылында 300 орындық мектеп бой көтереді. Алғабас ауылының тұрғындары әкіммен кездесу кезінде денешынықтыру және сауықтыру кешенін салғызуға өтініш білдірген болатын. Аймақ басшысы бұл ұсынысқа қолдау жасайтынын жеткізді. Төңкеріс ауылында 2015 жылы жаңа емхана салынады.

Ақмая ауылының тұрғындары болса, жер пайларын өз меншіктеріне қайтара алмай отырғандығын өңір басшысына жеткізді. Бір кездері ауылдың 8 мың гектар жерін «Дихан» шаруашылығы түгелдей банкке кепілдікке өткізіп жіберген. Содан бері, ауыл адамдарының қолы не жерге, не несие алуға жетпей жүр. Облыс басшысы бұл қаржылық шырғалаңды шешуге банкпен келісімнің жүргізілетінін айтып, биыл шама келгенше дихандарды егін егуге шақырды. Қарғалы ауылындағы кездесуде әкім жолды жөндеу, балабақша құрылысын салу секілді істердің кезең-кезеңімен жүзеге асатындығын алға тартты. Ал Иіркөл ауылында болған кездесуде биыл мектептің күрделі жөндеуден өтетіні мәлім болды.

Облыс әкімі 17 ауылдық округтегі барлық мектептерге кіріп, биыл мектеп бітіргелі отырған түлектермен тілдесті. ҰБТ-ға дайындық мәселесі талқыланып, ұстаздардың бұл іске ерекше ыждағатпен атсалысуын талап етті.

Соңғы жаңалықтар