Қ. Көшербаевтың төрағалығымен денсаулық сақтау нысандарының құрылыс мәселесі қаралды
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.
Кеңес жұмысына Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Серікбол Мусинов қатысты. Облыстағы денсаулық сақтау нысандарының салынуы барысы жөнінде облыстық құрылыс басқармасының бастығы Майра Барақбаева баяндады. Үстіміздегі жылы аймақта салынып жатқан 25 денсаулық сақтау нысаны үшін 5429,6 млн. теңге қаржы бөлінсе, соның 3774,5 млн. теңгесі республика бюджетінен беріліп отыр. Шілденің басына дейін осы қаражаттың 1882,75 млнн теңгесі игерілді. Бұл осы кезеңге дейін жоспарланған жұмыстардың 82 пайызы атқарылғанын көрсетеді.
Облыста бұл жұмыстар «100 мектеп, 100 аурухана» және «350 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік пункт және емхана» деп аталатын екі бағдарлама бойынша жүзеге асырылуда. Бұлардың біріншісі бойынша 5 нысан салу межеленсе, солардың бірі - 500 орындық емхана Қызылорда қаласында пайдалануға беріліп қойды. Тағы екі нысан - облыс орталығындағы 200 орындық перинаталды орталық пен 200 орындық көпсалалы балалар ауруханасының құрылыстары жобалаушы ұйымдардың кінәсінен кестеден қалуда. Енді мердігер компаниялардың басшыларына қысқа мерзім ішінде кестеге ілесіп, жұмысты сапалы атқарып шығу үшін барлық күш-жігерді жұмылдыруға тура келеді.
Жауапты хатшы Серікбол Мусинов салынып жатқан нысандардың облыс үшін маңызы жоғары екендігін атап өтті.