К. Мәсімов: Алматы қаласы - Қысқы олимпиаданы табысты өткізудің тамаша мүмкіндігі

Делегация құрамына ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов,Алматы әкімі Ахметжан Есімов, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Темірхан Досмұхамбетов, өтінім комитеті төрағасының орынбасары Андрей Крюков, Азия олимпиадалық кеңесінің әйелдер секциясының төрайымы Наталья Сипович, сонымен қатар белгілі спортшылар Денис Тен, Жаңыл Балтабаева мен Карина Узурова бар.
Алматы-2022 өтінімі тұжырымдамасының артықшылықтары: орналасқан жері, олимпиадалық нысандардың дайындығы, халықаралық спорттық жарыстарды ұйымдастыру тәжірибесі, экономиканың тұрақтылығы, көпұлтты толерантты қоғам, табиғи таулар мен қардың болуы.
«Бүгін бізге, Қазақстанға сенулеріңізді сұраймыз, - деді ХОК мүшелеріне айтқан сөзінде Кәрім Мәсімов. - Біздің өтініміміз нақты фактілер негізінде құралған. Осы фактілер негізінде тарихи шешім қабылдайсыздар - Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл Олимпиада қозғалысы үшін де».
Үкімет басшысы 2022 жылы қысқы Олимпиаданы өткізу үшін жасалатын таңдау ішінде Алматы қауіпті емес екенін атап өтті.
«Біз шағын, дамушы елдердің Қысқы олимпиаданы табысты өткізе алатынының тамаша мүмкіндігі болып табыламыз. Біз - олимпиада және паралимпиадалық спортшылар лайық болып, өмір бойы естен шығармайтын Қысқы ойындардың нағыз тәжірибесін берудің нағыз мүмкіндігіміз. Біз - Ойындар ешқашан өткізілмеген аймаққа Олимпиада мұрасының нағыз ұзақ мерзімдік күшін таныта алудың нағыз мүмкіндігіміз. Және біз - Олимпиаданың күн тәртібі-2020 жүзеге асыруға көмектесудің нағыз мүмкіндігіміз», - деп сендірді К.Мәсімов.
«Алматы-2022» шынымен де сіздер және біздер үшін тамаша мүмкіндік болып табылады, себебі «Өзің бол» (Алматы-2022 өтінімінің «KeepingitReal»-ға ұраны) арқылы біз сіздерге Олимпиаданың күн тәртібі-2020-ны іске асыруға көмектесіп отырмыз», - деп түйіндеді ол.
Таныстырылымнан кейін сұрақтар мен жауаптар сессиясы болып өтті. ХОК-нің мүшесі, Монако Ханзадасы Альбер ІІ Олимпиада нысандарының дайындық дәрежесі туралы сұрады. Оның сұрағына А.Крюков жауап берді.
А.Крюковтың айтуынша, қазіргі кезде Алматыда 2017 жылғы қысқы Универсиадаға дайындық аясында құрылысы 60-70 пайызға аяқталып қалған екі спорттық арена салынып жатыр. Осылайша, 2022 жылы Алматыда Олимпиаданы өткізу үшін қосымша түрде тек екі нысанды салу керек.
Шараның соңында ХОК-нің президенті Томас Бах Кәрім Мәсімовқа кандидат қаланың дипломын табыстады.