Қ. Сұлтановтың төрағалық етуімен Сенат комитетінің депутаттары АҚШ сарапшылар тобының мүшелерімен кездесті

деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кездесу барысында Қазақстанның алдағы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуі мәселелері бойынша жан-жақты пікір алмасылды.
Сарапшылар тобының жиын жұмысына қатысуы маңызды екенін атап өткен Қ.Сұлтанов ЕҚЫҰ-ның жоғары лауазымында Қазақстанның құрметті және маңызды миссияны атқаруға әзірлік жөніндегі ауқымды жұмыстарды жүзеге асырғанын айтты.
«Кеше негізгі тақырыбы ұлтаралық және конфессияаралық толеранттық болып белгіленген Қазақстан халқы Ассамблеясының XV сессиясында сөз сөйлеген Президент Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ-ның негізгі басымдықтарына ерекше назар аударды», деді Қ.Сұлтанов.
Алдағы жылы Қазақстан Парламенті ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Еуразия кеңістігіндегі қауіпсіздік, толеранттық және өркендеу мәселелері талқыланатын «ЕҚЫҰ-ның Еуразиялық өлшемі» тақырыбы бойынша жиын өткізбекші.
Қ.Сұлтановтың айтуынша, алдағы жылы ЕҚЫҰ-ның - 35, жаңа Еуропаға арналған Париж хартиясының - 20, Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуының 65 жылдығы секілді күндер аталып өтетін болады.
«Бұл мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары жалпыға бірдей қауіпсіздіктің өзекті мәселелерін талқылай алатын ЕҚЫҰ саммитін өткізу жөніндегі Қазақстанның бастамаларын жүзеге асыруға жақсы мүмкіндік болып табылады», деді сенатор.
Сарапшылар тобының мүшелері біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуге дайындығының жоғары деңгейін атап өте келіп, Ұйымды одан әрі дамытудың тиімді тетіктерін әзірлеуге ықпал ететін осындай жұмыстарға жан-жақты жәрдемдесуге әзірліктерін білдірді.